Әлеуметтік қолдау: Абай облысында барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды
2024 жылы Абай облысында халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалды. Мысалы, 18,1 мың азаматқа жалпы сомасы 16,9 млрд теңге көлемінде мүгедектік бойынша жәрдемақы төленді, ал асыраушысынан айырылған 7,5 мың адамға 5 млрд теңге көлемінде жәрдемақы берілді. Сонымен қатар, 13,3 мың көпбалалы отбасына 10,6 млрд теңге мөлшерінде қаржылай көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, облыста 98,2 мың зейнеткерге жалпы сомасы 112,5 млрд теңге көлемінде зейнетақы төленді.
Әлеуметтік міндеттемелерді орындау жұмыстары 2025 жылы да жалғасатын болады.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері 6,5%-ға өсті, бұл инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес келеді. Ал ынтымақты зейнетақы төлемдерінің мөлшері инфляциядан 2%-ға асып, 8,5%-ға көбейді.
Сондай-ақ, 2023 жылы бастау алған және бес жылға жоспарланған базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін күнкөріс минимумының 70%-ына дейін, ал ең жоғарғы мөлшерін 120%-ына дейін арттыру жұмыстары жалғасуда.
1, 2 немесе 3 бала туғаны үшін берілетін жәрдемақы 140 мың теңгеден 149 мың теңгеге дейін, ал 4 және одан да көп бала туғаны үшін 233 мың теңгеден 248 мың теңгеге дейін көбейді. 4 баласы бар көпбалалы отбасылар үшін жәрдемақы мөлшері 59 мың теңгеден 63 мың теңгеге дейін, ал 10 баласы бар отбасылар үшін 148 мың теңгеден 157 мың теңгеге дейін өсті. Мүгедектік бойынша жәрдемақылардың мөлшері I топ үшін 95 мың теңгеден 102 мың теңгеге дейін, II топ үшін 76 мың теңгеден 81 мың теңгеге дейін, ал III топ үшін 52 мың теңгеден 55 мың теңгеге дейін арттырылды.