Өңірдегі 21 колледж жұмысшы мамандықтар бойынша мамандар дайындайды
Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай оқу орындарындағы жұмысшы мамандықтарды даярлау тақырыбында брифинг ұйымдастырылды. Өңірде 5444 студент білім алып жатқан 21 колледж жұмысшы мамандықтар бойынша мамандар дайындауда. Бұл туралы Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова атап өтті.
Биыл нысаналы мемлекеттік тапсырысы және кәсіпорындардың сұранысы бойынша оқуға 719 студент қабылданған. Сонымен қатар облыстағы 31 колледжде 70 мамандық бойынша дуальды оқыту жүйесі енгізіліп, қазір 3060 студент білім алуда.
2023-2024 оқу жылында пилоттық жоба режиміне 2 колледж кірген. Олар «Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі» мен «Бизнес және сервис колледжі». Бүгін бұл колледждерде «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша – 20 студент, «Автомобиль жолдарын күтіп ұстау, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша – 40 студент, «Аспаздық» мамандығы бойынша – 30 студент, «Сән дизайны» – 15 студент, «Шаштараз-стилист» – 15 студент білім алуда.