Өз ісінің білгір маманы

Жұматова Майра Әлібекқызы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Жер ресурстарын басқару комитетінің» Абай облысының жер ресурстарын басқару департаментінің «Жер мониторингі, талдау және есепке алу бөлімінің» басшысы-мемлекеттік инспекторы болып еңбек етеді.
Майра Әлібекқызы 1974 жылғы 16 тамызда Семей облысы Бесқарағай ауданы Большая-Владимировка ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1999 жылы Мемлекеттік қаржы институтын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмәмдап, 2006 жылы Д. Серикбаев атындағы Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік техникалық университетін «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті бағалау» мамандығы бойынша оқып бітірген.
Еңбек жолын 1993 жылы Бесқарағай ауданында салық инспекциясында салық инспекторы мамандығынан бастаған. 1998-2015 жылдары Бесқарағай аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеген. 2016-2017 жылдары Шығыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасының жер учаскелерін беру және алу жөніндегі ұсыныстарды дайындау бөлімінің бас маманы болып, 2017-2022 жылдары «Шығыс Қазақстан облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» ММ жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарған. 2022-2023 жылдары «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Жер ресурстарын басқару комитеті» Шығыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті РММ жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау бөлімінде бас маман-мемлекеттік инспектор болып жұмыс жасаған. 2023 жылдың 12 маусымынан бастап Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Жер ресурстарын басқару комитеті» Абай облысының жер ресурстарын басқару департаментінде «Жер мониторингі, талдау және есепке алу бөлімінің» басшысы-мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарып келе жатыр.
Майра Әлібекқызы мемлекеттік қызметте 30 жылдай уақыт үздіксіз, адал қызмет атқарып келеді. Жер саласында үлкен тәжірибесі бар, жастардың тәлімгері, өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерін адал орындайды. Жұмыс барысында әрдайым өзін жоғары білімді, білікті, тәжірибесі мол білгір маман ретінде көрсетуде. Өз ісіне өте ұқыпты, тиянақты, жауапты, адал қызметкер Жұматова Майра Әлібекқызы ұжымда да әріптестер арасында зор құрметке ие болған беделді еңбек адамы.
Көп жылғы адал еңбегі үшін Майра Әлібекқызы «Қазақстан Республикасына 25 жыл» және «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен, жер саласы жұмысына қосқан еңбегі үшін «Құрметті жерге орналастырушы» төсбелгісімен марапатталды.