Еңбек адамы: Бауыржан Тлеухан

Тлеухан Бауыржан Рымханұлы бұрынғы Семей облысы Абай ауданы, Қарауыл ауылы 1974 жылы 13 желтоқсанында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келді.
1992 жылы Абай атындағы орта мектепті өте жақсы бағамен бітіріп,1995 жылы Семей қаласының қаржы техникумын бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша тәмәмдады.
1999 жылы Абай аудандық Мәдениет үйіне көлік жүргізуші қызметіне жұмысқа кіріп, 2021 жылдан бастап директордың шаруашылық жұмысы бойынша орынбасары қызметін абыройлы атқарып, осы мекемеде 25 жыл жұмыс істеп келеді. Сауатты да білімді Бауыржанның қолынан келмейтін іс жоқ. Осы уақыт ішінде ол қыстың аязында күн-түн демей, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың істен шыққан жылу жүйелерін қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстарын да жүргізеді. Сметалық құжаттарда көрсетілетін есеп-қисаптарды да дұрыс білгендіктен, құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүріп, бақылау жасайды.
Аудандық әкімдіктің төтенше жағдай бөлімінен жазғы маусымдарда табиғатта өрт немесе су тасқыны болған кездерде келіп түскен үндеуге жұмыстың қыр-сырын білетін білікті қызметкер Бауыржан Рымханұлы көмек қолын аямай өз үлесін қосады. Көкбай ауылдық Мәдениет үйі, Құндызды ауылдық клуб ғимараттарына ағымдағы жөндеу, Қасқабұлақ ауылдық Мәдениет үйінің жылу жүйесін жөндеу жұмыстарын және Саржал ауылдық Мәдениет үйі ғимаратының жанынан көмір қоятын қойма салу жұмыстарын жоспарлауда, сметалық құжаттары бекітуде, мемлекеттік сатып алу порталына жариялаудан да Бауыржан Рымханұлы қалыс қалмады. Барлық ауылдық Мәдениет үйлері мен клубтардың және аудандық Мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салып, мәдениет ошақтарының халық игілігіне берілуіне, өнер адамдарының жұмыс істеуіне жағдай жасауға ат салысады.
Ол мәдени-тарихи нысан «Қоңыр әулие» үңгіріне жүргізілген жөндеу жұмыстары кезінде шаруашылық жұмыстарына бақылау жасап, тоқтаусыз жұмыс істеуіне басшылық жасады.
Бауыржан Рымханұлының жауапкершілігі, жан-жақтылығы, ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілеттері, талапшыл, ұжыммен жұмыс істей білуі, алдына қойған міндеттерге қашанда іскерлік көзқараспен қарайтындығы бәріне мәлім. Жаңалыққа жаны құмар Б.Тлеухан түрлі идеяларға толы іс- шараларды ұйымдастыруда жастарға үлгі- өнеге көрсетіп, солармен бірге ізденіп, өзінің ақыл-кеңестерін беруден еш аянып қалған емес.
Осы мекемеде қызмет атқарған жылдарында ерен еңбектері бағаланып, бірнеше мәрте аудан әкімшілігінің, аудандық мәдениет бөлімінің, облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хаттарымен, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт Министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.