Еңбек адамы талантты күйші, композитор

«Домбыра жүрегіммен үндес едің,
Өзіңмен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұра сен болмасаң,
Өнердің не екенін де білмес едім»- деп қазақтың белгілі ақыны Мұқағали Мақатаев айтқандай, ұлттық домбыра күніне орай Семей қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы Мемлекеттік филармонияның директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, талантты күйші, композитор Бекбосынов Айбек Серікболсынұлы туралы сөз қозғаймыз.
Айбек Серікболсынұлы 1983 жылы 26 мамырда Абай ауданы, Қарауыл ауылында өнер адамдарының отбасында дүниеге келген.
2007 жылы Қазақ ұлттық музыка академиясын дәстүрлі музыка өнері мамандығы бойынша бітірген. 2019 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітіріп, өнер магистрі атанды. 2011-2013 жылдары Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында жұмыс істеді. 2013 жылдан 2020 жылға дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде аға оқытушысы болып жұмыс істеп жүріп, университеттің вокалдық-аспаптық ансамбльдің басшысы болды.
Университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып, ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар көтеріп, студенттерге тәлімгер болып, әрбір істеген жұмысына жауапкершілікпен қарап, қазақтың «сегіз қырлы бір сырлы» деген ұғымға сай екенін дәлелдеді.
Ол 2020 жылдан бастап Семей қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы Мемлекеттік филармонияның директоры лауазымында қызмет етеді.
Ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды Айбек Серікболсынұлы басшылық еткен жылдарда филармония үлкен шығармашылықта жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, Рахымғали Мыржықпаев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Дала сазы» этно- фольклорлік ансамблі, «Дала үні» акапелла ансамблі, солистер хоры, жаңа вокалдық- аспаптар ансамблі сияқты жаңа ұжымдардың құрылуы, «Бибігүл» қазақ халық оркестрінің құрамының көбейуі, әншілер репертуарларының жаңартылуы, жаңа бағдарламалардың жасалуы. Филармония әртістері Қазақстан Республикасының түкпір-түкпіріне және шетелге гастрольдік сапарға шығып, ел арасында өз өнерлерін көрсетіп, қазіргі жаһандану заманында ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерімізді насихаттап, халықтың құрметіне бөленуде.
Айбек Серікболсынұлының басшылығымен филармонияның жас әртістері республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, лауреат атанып, Абай елінің беделін арттыруда өз үлестерін қосуда.
Күй - бұл қазақтың көне заманнан бүгінгі күнге дейін жеткен ең киелі де қастерлі өнерінің бірі. Қазақ күй мен күйшілерінің сырын ұғыну үшін күй әлеміне саяхат жасаған дұрыс. Еліміз мақтан ететін ұлы күйшілері Қорқыт, Асанқайғы, Қазтуған, Құрманғазы, Динаның жолын жалғастырып,бүгінгі таңда Айбек Серікболсынұлы «Хан батыр Қабанбай», «Телқара», «Саржал», «Шәкәрім шаңырағы», «Мәңгілік Ел», «Толғау» атты күйлерімен көрермендерінің көңілінен шығып жүр.
Көп жылғы адал еңбегі үшін Айбек Серікболсынұлы Семей қаласы әкімінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды.
Ол отбасында жары Мадинамен бірге бір ұл, төрт қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке, сүйікті жар.
Өз кәсібіне адал Айбек Серікболсынұлының деніне саулық, басына амандық, отбасына береке-бірлік, жұмысына сәттілік пен табыс тілейміз.