Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау қоғам үшін маңызды
Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау білдіру – тек көмек көрсету ғана емес, олардың жеке тұлға ретінде дамуы мен өз орындарын табуына ықпал етудің бірден бір жолы.
Қала әкімі Талғат Мұратов зағип және нашар көретін азаматтарға арналған «Шамшырақ» клубы, саңырау және мылқау азаматтарға арналған клуб пен «Семей» мәдени-демалыс орталығында болып, олардың жұмысымен танысты. Осыған дейін олар әр түрлі нысандарды жалға алып келген еді. Сондықтан қала әкімінің тапсырмасына сәйкес арнайы ғимарат беріліп, үш орталық 2 қабатты нысанда орналасқан. Клубтар Ұранхаев көшесі, 3 мекенжайында орналасқан.
Айта кетейік клуб мүшелері республикалық, облыстық дәрежедегі жарыстарда топ жарып, әр сайыстан жүлделі орынмен оралады. Әкім орталықтардың қаланың мәдени өміріне қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Шамшырақ» клубында 12 үйірме жұмыс істесе, саңырау және мылқау азаматтарға арналған клубта 6 үйірме бар. Орталықтар рухани сұраныстарды қанағаттандырумен қатар, түрлі мерекелік іс-шаралар, концерттер және спорттық жарыстар, өнер байқауларын ұйымдастырады.