Бородулиха ауданында «Орманымызды сақтаймыз» атты экологиялық акция өтті
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты – Абай облысының ғана емес, тұтас еліміздің және ғаламшардың табиғи байлығының ажырамас бөлігі. Ертіс бойын жағалай өскен қарағайлы орман өзінің саф ауасымен, қайталанбас пейзажымен және экожүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды рөлімен ерекшеленеді. Табиғаттың бұл қазынасын қорғау – әр азаматтың парызы.
Осы мақсатта 27 қаңтар күні Бородулиха ауданында «Орманымызды сақтаймыз» атты экологиялық акция өтті. Іс-шараны аудандық Жастар орталығы ұйымдастырды. Акция республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көркем табиғатымен танымал «Сарқырама» аумағында ұйымдастырылды.
Экологиялық бастамаға түрлі мамандық иелері, еріктілер, аудандық ұйымдар мен жергілікті тұрғындар белсене қатысты. Оларды ортақ мақсат – табиғатты қорғау және оны болашақ ұрпаққа сақтау идеясы біріктірді. Шара барысында құстарға арналған ұялар орнатылып, спорттық ойындар, флешмобтар мен экология тақырыбындағы пікірталастар өткізілді. Сонымен қатар, жаңа экологиялық идеялар талқыланып, қатысушылар ортақ шай дастарқанында бас қосты.
Акцияны қолдау мақсатында «Семей орманы» ММ Бородулиха филиалының қызметкерлері құстарға арналған ұялар әзірлеп, ұсынды. Ал «Раушан» шаруа қожалығының басшысы Талғат Оразаев қатысушыларға табиғат аясында дайындалған хош иісті палау ұсынып, Екатерина Ситдыкова тәттілер мен ыстық шаймен қонақтарды қуантты.
Ұйымдастырушылар шараға қатысқандардың барлығына ризашылықтарын білдіріп, мұндай бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табарына сенім білдірді.