Абай облысында жол желісін дамыту: өткен жылдың нәтижелері және болашақ жоспарлар
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында автожолдарды орташа жөндеуге ерекше назар аударуды тапсырды. Мемлекет басшысы бұл бағдарлама жолаушылар тұрақты пайдаланатын 2,5 мың шақырым облысаралық және ауданаралық трассаларды қамтығанын атап өтті.
2024 жылы Абай облысында Кіндікті ауылына кіре берістегі Боғас өзені арқылы өтетін көпірге, «Жарбұлақ» және «Ключики-Уба-застава» аудандық маңызы бар жолдардың су өткізу құрылыстарына, Аягөз қаласындағы Барақ батыр көшесіндегі көпірге қайта жаңғырту жүргізілді.
Жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде облыстық маңызы бар 60 шақырым болатын 6 учаскеге орташа жөндеу жүргізілді. Олардың қатарында Шар-Әуезов, Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар, Көкпекті-Преображенка, Петропавловка-Шелехова-Дмитриевка аралықтары бар.
Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 90,4 шақырым аудандық маңызы бар автожолдардың 17 учаскесі жөндеумен қамтылды. Облыс орталығы Семей қаласында жалпы ұзындығы 37,8 шақырым 40 көше жөнделді.
Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков 2025 жылы жолдарды жөндеу жалғасатынын айтты. Облыстық маңызы бар автожолдардың 7 учаскесі орташа жөндеумен қамтылады деп жоспарлануда.
Өңірде көшелерді жөндеу жұмысы жалғасады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 63,3 шақырым елді мекендердің көшелерін орташа жөндеу жоспарлануда. Семейде жалпы ұзындығы 55 шақырым көшелерді орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі.