Cемей-16°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
489.15 533.47 5.64

Абайдың философиялық мұрасы

29-01-2025, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері Шәкәрім университетінің филология жоғары мектебінің 1-курс студенттерінің қатысуымен Абайдың «Қара сөздеріне» 135 жыл толуына арналған  бірінші қара сөзі бойынша «Абайдың философиялық мұрасы» атты әдеби талдау өткізді.

Іс-шараның басында кітапханашы Абай Құнанбаевтың Қара сөздерінің жазылу тарихы мен мағынасына тоқталды. Қара сөз - Абайдың көркем, әлеуметтік-гуманистік және діни көзқарастары анық көрініс тапқан туындысы.

Абайдың қара сөздері (Ғақлия) - ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздерінің тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді.

Шара жалғасында «Алаш арыстары Мұхтар Әуезов» мұражайының меңгерушісі Қуат Қиықбай қатысушыларға, Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салғанын, сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырғанын айтты. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайтынын, оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көріп, кейіннен Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылғанын атап өтті.

Қатысушылар ұлы философтың «Бірінші қара сөзіне» әдеби талдау жасап, өз пікірлерімен бөлісіп, қазіргі ұрпақ үшін мәдени және тәрбиелік маңызы тұрғысынан кітаптың мазмұнын ашты.

Әдеби талдауды қорытындылай келе, кітапханашы Абайдың өзектілігін жоғалтпайтын қара сөздерінен, қазіргі заман мәселелерінің сан қырлы тұстарын көргенімізді айтып,  іс-шараның әрбір қатысушысы өзін-өзі жетілдіруге және рухани мұраны сақтауға ұмтылып, Ұлы Абайдың кітабына бірнеше рет жүгінеді деп үміттенеміз деген сөздермен аяқтады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив