Семей қалалық мәслихаты Шәкәрімовтің суретін әлі сақтап отыр
Өткен жылдың соңында (28 желтоқсан, 2024 жыл) Аягөз ауданының әкімі қызметіне бұған дейін Семей қалалық мәслихатының төрағасы қызметін атқарған Данияр Шәкәрімовтің тағайындалғаны белгілі. Расы керек, Данияр Қайырханұлы туған жеріне бара сала қызметіне құлшына кірісіп, ауылдарды аралап, жұртпен кездесулерін өткізіп аттан түспей шапқылап жүр. Оны әлеуметтік желідегі аудан әкімдігінің парақшасынан көзіқарақты қауым көріп отыр. Әрине, «бәрі жақсы көрінер алғашқыда» дегендей, ісін көрсету отыруға тиіс те.
Бірақ, айтпағымыз бұл емес. Қызықтың көкесі Шәкәрімов «із қалдырған» Семей қалалық мәслихатында болып тұр. Қаңтардың 15-і күні Семей қалалық мәслихатының кезекті сессиясы өткен болатын. Сессияның күн тәртібіне сәйкес, мәслихат депутаты Бекжасаров Айболат Қайыркешұлы Семей қалалық мәслихатының төрағасы болып сайланды. Жаңа басшыны қалалық мәслихат әлеуметтік желідегі парақшасында таныстырып та қойды.
Алайда, А. Бекжасаров сайланғалы екі апта өтсе де Семей қалалық мәслихатының ресми сайты Д. Шәкәрімовтің суретін әлі күнге дейін сақтап отырғаны таңғалдырады. Әлде Бекжасаров сайтқа орналастыратын фотосын таппай жүр ме екен?.. Шындығына келсек, бұл қалалық мәслихат тарапынан жіберілген үлкен саяси қателік болып саналады.