Абай облысында жаңа тағайындалған әкімдердің жұмысы қалай басталды?
2024 жылдың желтоқсан айы Абай облысы үшін жаңа тағайындауларға толы болды. Жыл соңында облыс әкімдігінде ғана емес, аудандарымызда да бірнеше ауыс-түйіс орын алды. Бірі ауданнан қалаға басшы болса, енді біріне бұл тағайындау оларға берілген үлкен мүмкіндік болды. Нақтырақ айтқанда, Семей қаласыны әкімі болып Талғат Мұратов, Бесқарағай ауданы әкімі лауазымына Нұрбек Қошқарбаев, Аягөз ауданы әкімі ретінде Данияр Шәкәрімов, Жаңасемей ауданына Алмас Тастенбеков тағайындалды.
«Жас та болса, бас болар», - деген үмітпен жастарымыз да басшылық орынға жайғасты. Жайғасты деген артық болар, себебі әкім болып, халықтың жағдайы мен жайлылығын қамтамасыз ету өте жауапты жұмыс. Дегенмен облыс тұрғындары жаңа басшылардың жұмысымен танысса деген мақсатта «018.kz» ақпараттық порталы тағайындалғанына 2-3 аптаның жүзі болған әкімдердің жұмысына шолу жасамақ.
Ең алғашқы тағайындау 23 желтоқсан күні облыс орталығы Семей қаласында болды. Жаңа әкім – Талғат Мұратов. Талғат Батырұлын Бесқарағай жұрты жақсы таниды. Осы уақытқа дейін «Әкімдер рейтингінде» де алдыңғы қатардан табылған еді. Тағайындалғанына 3 аптадан асқан қала әкімі қандай жұмыстар атқарды?
Талғат Батырұлы тағайындала сала, жұмысын 24 желтоқсан күні жылу беру маусымы аясында қаламыздағы негізгі жылу көздерін тексеруден бастады. Көшпелі кеңес барысында ЖЭО-1, РК-1, РК-3 және «Орталық», «103, 103а», «Габбасов» жылу қазандықтарының жұмысымен танысып, қаланы тұрақты және сапалы жылумен қамтамасыз ету мәселесін талқылады. Қалада жылу беру мәселесі өзекті екенін білеміз. Қазандықтарды аралап, ақауымен танысуды жөн көрген әкімнің алғашқы сапарына оң баға бере аламыз.
Сонымен қатар сол күні Семей қаласының тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға келген 5 тұрғын тарапынан тұрғын үй мәселелері, жер телімін алу және басқа да әлеуметтік маңызды сұрақтар көтерілген. Талғат Батырұлының айтуынша барлық бөлімдерге тапсырмалар берілген екен. Кейіннен әкім мырза аула аумақтарын абаттандыру бойынша көшпелі кеңес өткізген. Осы жарияланымның астында 80-нен астам адам пікір жазылса, оның көп бөлігі «Бұл әкім де басқалар сияқты көзбояушылық жасамаса екен», «Автобус мәселесін шешіңіз», «Жазда ыстық су тоқтап қалмасын», «Біздің ауданның жарығы қашан жөнделеді?» деген сынды пікірлер. Бірақ, бұл пікірлерге не әкімдік, не әкімнің өзі жауап бермеген. Жауап берілмесе де, Талғат Батырұлы бұның барлығын естіп, көріп, оқып отыр деген үміттеміз.
Жаңа жыл алдындағы қарбаласқа қарамастан әкім мырза Бобровка және Мұрат саяжай массивтерінің тұрғындарымен кездесу өткізеді. Тұрғындар көтерген негізгі мәселе — электр желілерінің құрылысын аяқтау. Осы кездесуден кейін тұрғындар жақсы пікірді көбірек жаза бастағанын байқаймыз. Жаңа әкімнің ерекшелігін біз де тілге тиек еткіміз келеді.
Осы уақытқа дейін бұрыңғы қала басшысы әлеуметтік желілерінде жарияланымдарын тек әкімдікпен бірлесіп салып, кей уақыттары жеке белсенділігі аз болатын. Бірақ, қаланың жаңа «мэрі» өзінің жүйесінен таймай, барлық жаңалықпен өзі бөлісіп отырады.
Қала тұрғындарының өтінішін оқыды ма екен, қала басшысы қала көшелеріндегі жарықтандырудың қазіргі жағдайымен жеке танысу үшін тағы да көшпелі кеңес өткізген. Тексеру барысында Дулатов, Гагарин, Қабанбай батыр және Терешкова көшелерін аралады. «2024 жылдың 1 қарашасындағы сот шешімі бойынша бұл акционерлік қоғам барлық 140 көшенің жарықтандыруын 2025 жылдың соңына дейін қалпына келтіруге міндеттелді», - деп жазды Талғат Батырұлы әлеуметтік желісіне.
Жаңа жылдық мерекеден кейін қала басшысы «ABAI OBLYSY» деген жазуы бар бас киімін киіп, Дөнентаев және 3-ші Омская көшелерінде арық жүйесін бақылап қайтты. Арық өз арнасынан шығып, тұрғындарға қолайсыздық тудырған. Тексеру нәтижесінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және судың әрі қарай таралуын болдырмау жөнінде тиісті тапсырмалар берді. Қала тұрғындарының жағдайын ойлаған әкімге «Жарайсыз!» дегіміз келеді.
Сонымен қатар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Абай облысы бойынша департаментінің жұмысымен танысып, қала тұрғындарын жеке мәселелерімен танысып, «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы А.Ж. Амангелдинмен кездесу өткізді.
Қала басшысының жұмысы осындай. Жаңадан келген әкім үшін бұл жұмысын өте белсенді деп бағалай аламыз. Ал Талғат Батырұлының басқа әріптестері қалай жұмыс жасап жатыр екен?
23 желтоқсан күні қала әкімінен бөлек, Бесқарағай ауданының әкімі тағайындалды. Талғат Мұратов ауданнан қалаға басшы болса, оның орнына Нұрбек Қошқарбаев келді. Аудан басшысы тағайындала сала жұмысын Бесқарағай ауданының әкімі ретінде алғашқы актив отырысын өткізуден бастап, отырыс барысында ауданның өзекті мәселелерімен танысқан. Сонымен қатар экономика және қаржы бөлімі, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, жер қатынастары бөлімі, сондай-ақ сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің басшыларын қабылдаған. «Қазіргі таңда Бесқарағай ауданында 21 білім беру және 26 денсаулық сақтау мекемелері жұмыс істейді. Дегенмен, денсаулық сақтау саласында маман тапшылығы өзекті болып отыр. Аталған мәселеге байланысты біз кешенді шараларды қолға аламыз», - деп жазды аудан басшысы өзінің жеке парақшасында. Оған қоса жылу қазандықтарының жұмысы да өз қадағалауында екенін жеткізген.
Нұрбек Қошқарбаев өзінің сапарын аудандық орталық ауруханасынан бастады. Сапар барысында аурухананың ағымдағы жұмысымен танысып, жылыту жүйесінің техникалық жай-күйімен танысқан. Кейіннен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық жаңа мектептің құрылысын бақылап қайтты. Құрылыс мердігерімен кездесіп, мектептің уақытында аяқталуын тапсырған көрінеді. Дегенмен бұл бастамалар бұрыңғы аудан басшысының кезінде бастау алғанын еске салғымыз келеді. Нұрбек Тұрсынқанұлы осы жұмыстарды қадағалап, аудан тұрғындарын сапалы нысандармен қуантады деген ойдамыз.
Одан кейін «Борас орта мектеп-бақшасы» КММ-не де барып, ондағы балабақша топтарын, тарих, биология, робототехника кабинеттерін аралап көрді. Әкім жазбасына қарасақ, мектептерде ешқандай мәселе жоқ сияқты, жақсы.
Аудан басшысы бизнес өкілдері және ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен кездесу өткізіп, бірнеше ұсыныстарды тыңдаған екен. Сонымен қатар 2025 жылдың бірінші тоқсанында аудан орталығында «Invest – 2025» атты форум өткізу жоспарланып отыр дейді. Әкімнің айтуынша форум аясында тың бастамалар талқыланып, туған жерге қайтарымды инвестиция салудың тиімді жолдары ұсынылатын көрінеді.
Бесқарағай ауданының әкімі ретінде алғашқы жеке қабылдауын өткізген аудан басшысы кездесу барысында тұрғындар тарапынан газет басылымдары, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жұмыс орындарын арттыру жөнінде сұрақтарға жауап берген. Бірақ кездесуге қанша адам келгені айтылмаған. 2 тұрғын ғана келсе де, бұны жасырмай жазғаныңыз жөн сияқты.
Нұрбек Тұрсынқанұлының кездесулеріне қарасаң аудан экономикасына, инвестиция тартуға көбірек көңіл бөлуді шешкен сияқты. Осы жолы «Бесқарағай-Несие» ЖШС өкілдерімен кездесіп, ауданның ауыл шаруашылығы мен экономикалық даму мәселелерін талқылаған көрінеді. «2025 жылы ауданымыздағы кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы қызметкерлерін қолдау мақсатында «Кең дала 2», «Агробизнес», және «Іскер» бағдарламалары аясында жан-жақты көмек көрсетілетін болады», - деп жазды әкім өзінің парақшасында.Жақсы бастамаға «Іске сәт!» дегіміз келеді.
Аудан әкімі келе салып кездесулерден бас алмаған. Кездесудің артынан кездесу, танысудан кейін танысу. Құрылыс нысандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (ИКИ) тарту мәселелері бойынша жұмыс барысын талқылап, «Семей орманы» резерваттарының басшыларымен кездесіп, «Борас» шекара бөлімшесі мен «Борас» шекара бекетінің қызметкерлерін қабылдаған.
Дегенмен әкім мырза кабинетінде ғана қабылдаулар өткізбей, ауылдың тыныс-тіршілігімен көбірек таныс болу үшін нысандарға көбірек барып, халықпен тілдессе екен дейміз.
28 желтоқсан күні Аягөз ауданында да тағайындау болды. Аудан басшысы ретінде Семей қаласы мәслихатының төрағасы қызметін атқарған Данияр Шәкәрімов тағайындалды. Данияр Қайырханұлы тағайындаудан кейін бірден ауданның ауыл әкімдерімен жиын өткізіп, ауданның жағдайымен танысыпты. Әрине, ауылдардың жағдайын әкімдерінен басқа ешкім жақсы біле қоймас деген ойы болған шығар.
Кейіннен 30 желтоқсан күні мекеме, кәсіпорын, бөлім басшыларымен жиналысты өткізді. Әкімнің жазбасына сенсек, басшыларды бірлесе жұмыс атқаруға шақырған көрінеді. Бұның барлығы аудан тұрғындарының жағдайын қамтамасыз ету үшін айтылған лебіз деп білеміз.
Данияр Қайырханұлы да басқа әріптестері сияқты жылу қазандықтарын аралап көріпті. Аягөз үшін жылу қазандықтары деген сөз біраз оқиғаны еске салады. Дегенмен әкім «Қазандықтар штаттық режимде істеп тұр, жылу берілуде» деп сендірді.
Аягөз ауданының әкімі Бесқарағайлық әріптесі сынды бір орында шектеліп қалмай, аудан орталығын аралап кездесулер өткізіпті. Жаңа жылдан кейін бірден бірнеше нысандарды аралаған. Олардың арасында «№5 жалпы орта білім беретін мектебі», «№ 10 қазақ мектеп-гимназиясы», «Қалалық көпбейінді қазақ мектеп - гимназиясы», «№3 жалпы орта білім беретін аралас мектебі», «№2 жалпы орта білім беретін мектебі», «Мектеп жанындағы интернаты бар жалпы орта білім беретін № 6 мектебі», «К.Бозтаев атындағы қазақ мектеп-гимназиясы» КММ, Аягөз ауданының төтенше жағдайлар бөлімі, Абай облысының полиция департаменті Аягөз ауданының полиция бөлімі бар. Әкім мырза барлық жағдаймен танысып, мекемелердің хәл-ақуалын толықтай өз көзімен көрді деген ойдамыз.
Аягөз ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов келіп, Данияр Қайырханұлымен бірге жиын өткізген. Кездесу барысында депутат Парламентте бірқатар заң жобалары қабылданып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берген. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныстарын тыңдап, алдағы уақытта шешім қабылданатын мәселелерге тоқталған көрінеді. Кейіннен тағы да жылу қазандықтарының жұмысымен танысып, электр жабдықтау станциясына барып, Мамырсу ауылдық округінде халықпен кездесу өткізген. Жылу қазандықтары десе, біраз басшылық үркіп қалған сияқты. Әрине, қыстың көзі қырауда тұрғындар тағы да жылусыз қалмасын дегендері шығар. Бұл да дұрыс.
Жалпы, Аягөз ауданы әкімінің жұмысын жақсы деп бағалағанымызбен де, ақпаратты толық, әрі ашып жазса деген жылы ниетіміз бар. Мүмкін сіз келе сала көрген біраз мәселе де бар шығар. Осыны да ескерсеңіз. Халық сізді жақсы әкім ретінде көргенін қаласаңыз, ашық болыңыз...
30 желтоқсан күні жаңа аудан Жаңасемейге 1 жыл толғаннан кейін басшылық лауазымға Алмас Тастенбеков тағайындалды. Аудан басшысы Абай облысының Өңірлік кадрлық резервінің мүшесі. Жаңа, әрі жас басшы қандай жұмыстар атқарып үлгерді?
Тағайындала сала Алмас Таныбекұлы облыс әкімдігінің қабырғасында Жаңасемей ауданының әкімі ретінде алғашқы актив отырысын өткізді. Отырыс барысында ауданның қазіргі жағдайы, өзекті мәселелері және болашақта атқарылатын жұмыстарымен танысқан. «Сондай-ақ дербес бөлім басшыларымен және ауылдық округ әкімдерімен кездесіп, олардың қызметімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болдым», - деп жазады аудан басшысы әлеуметтік желісінде. Әкімдіктің отырыстары осы жылдан бастап жаңа аудан әкімдігінде өтеді деген үміттеміз.
Аудан басшысы жұмысын жаңа жылдық мерекеден кейін бастаған көрінеді. Сапары Алғабас ауылында орын алған су құбыры желісіндегі ақаулықтарды көріп қайтудан басталған. Сондай-ақ жаңадан салынып жатқан су құбырының да жұмысымен танысып, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралаған. «Ауданымыздың дамуына бағытталған жұмыстар жалғасын табады. Сіздердің барлық ұсыныс-тілектеріңізді тыңдауға әрдайым дайынмын!», - деп әкім өзінің халықты тыңдауға әзір екенін жеткізді.
Кейіннен ауданға жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев келіп, аудан басшысымен жеке кездесу өткізген. Кездесу барысында ауданның даму жоспары, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар және Жаңасемейді дамыту бағытындағы негізгі басымдықтар талқыланды. Әрине, ауданның өркендеуі үшін бірлесе атқарған жұмыс алға басарына сенімдіміз.
Кейіннен аудан басшысы алғашқы тұрғындарды қабылдауын өткізді. Қабылдауға Озерка ауылының тұрғыны қатысып, өз ұсыныстарын жеткізген. Біздің байқағанымыздай қабылдауға тек бір ғана адам келген сияқты. Мүмкін бұл ауылдардың бір-бірінен алыстығынан болар. Бірақ келесі жолы қабылдауға бірнеше адам қатысып, мәселелерін жеткізе алады деп ойлаймыз.
Алмас Таныбекұлы сапарын Қайнар ауылында жалғастырып, Шаған кенті, Жиенәлі, Достық және Ертіс ауылдық округтерінде болып, бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылап, орындалу барысын бақылап қайтқан. Әкімнің жеке сапарынан кейін Жаңасемей ауданына да ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов жұмыс сапарымен келген. Мұқыр, Қыземшек ауылдарында және Көкентау ауылдық округінде маңызды кездесулер өткізген. Сонымен қатар Шүлбі кентінде жұмыс сапарымен барған. Әрине, аудан басшысының ауданды аралап, мәселелерді білуге ұмтылғаны қуантады. Дегенмен, әр ауылдың мәселесі әртүрлі екенін, сондықтан ауылдық округтерге жеке-жеке тоқталғаныңыз жөн секілді. Бірақ еңбегіңізге оң баға бере аламыз.
Әкімдердің тағайындалғаннан кейінгі жұмыстары осындай. Аудандардың дамуын өз мойнына алған жаңа басшылар жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асырады деген сенімдеміз!