Cемей-14°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
518.14 537.57 5.27

Абай облысындағы сүт өндірісі - өңірден ұлттық нарыққа

Бүгін, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысында сүт өндірісі қарқынды дамып, аймағымыздың экономикасының маңызды салаларының біріне айналып отыр. Өндіріс көлемін арттыру және саладағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов бастаған жұмыс тобы Бесқарағай ауданындағы «Қалиқанұлы» шаруа қожалығында болды.

Стеклянка ауылында орналасқан шаруашылық бүгінде облыстың ірі сүт өндірушілерінің бірі. Мұнда 800-ден астам ірі қара мал бар, оның 500-ге жуығы сауынды сиырлар. Кәсіпорын тәулігіне 8 тонна сүт өндіреді, шығарылатын таза табиғи өнім облыстың әр өңіріне жеткізіліп, тұрғындардың тұтыну сұранысын қамтамасыз етеді.

Салаға мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Өткен жылы «Қалиқанұлы» шаруа қожалығы «Агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларға несие беру» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 млрд теңге көлемінде қаржыландырылды. Бұл қаражат сүтті-тауарлы ферманы кеңейтуге бағытталған.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, шаруашылық 16 жыл бұрын құрылған. Алғашында Стеклянка ауылында шағын база сатып алудан басталған бизнес 2011 жылы Қытайдан сүт өңдеу цехын әкеліп, Семей қаласында іске қосумен кеңейді. Сонымен қатар, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 150 басқа арналған несие алынып, Ресейден «Далалық қызыл» асыл тұқымды сиырлар жеткізілді.

Облыста ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жергілікті билік өкілдері салаға инвестиция тарту, заманауи технологияларды енгізу және өнім көлемін арттыру бағытында жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

- «Өндірісіміз жанданып, сапа артқан сайын біз оны әрі қарай дамытуға бар күшімізді салдық. Өніміміз жақсы шыққан сайын, мал басын көбейту қажеттілігін терең түсіндік. Осылайша, “Даму” бағдарламасы аясында Халық банкінен алған несиеге 2024 жылы 600 бас сауын сиырға қол жеткіздік. Бүгінде өнімдеріміз халықтың сұранысына сай, кеңінен сатылып жатыр. Табиғи сүт өндіру – біздің басты бағытымыз, ол үш күннен кейін ашиды. Алайда, ашыған сүтті қайта өңдеп, сүзбе, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, сорпа сияқты жоғары сапалы өнімдерге айналдырамыз», – дейді «Қалиқанұлы» шаруа қожалығының басшысы Марат Қалиханов.

Бүгінде жерлестеріміздің сүйікті өніміне айналған және жергілікті нарықта сұранысқа ие «Айша» сауда белгісімен танымал цех, енді «Qaz Milk Semey» атауымен өз өнімдерін шығарып отыр.

Цехта 32 түрлі өнім өндіріліп, оның 17-сі сүт өнімдері болып табылады: сүт, айран, құрт, ірімшік, қызыл ірімшік, май және басқа да құнарлы өнімдер. Сонымен қатар, шұжық өнімдерінен 15 түрлі өнім шығарылып келеді. Қазіргі уақытта ABU университетімен бірлесіп, сарысуды қосу арқылы квас әзірлеу процесі пысықталуда, ал болашақта чечил ірімшігін өндірісқа енгізу жоспарланып отыр, – дейді цехтың шаруашылық технологы Әли Маратұлы.

Шаруашылықтың алдағы мақсаттары айқын – өнім көлемін ұлғайтып, өңір тұрғындарын ғана емес, бүкіл республика жұртшылығын табиғи таза өніммен қамтамасыз ету. Болашақта сүт пен шұжық өнімдерін тек облысымыздың шекарасынан асырып, басқа аймақтармен сауда-саттық аясын кеңейту арқылы жоғары сапалы тауарды кең тұтынушыларға жеткізу көзделуде.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив