ҚР АШМ Digital Almaty 2025 форумында АӨК цифрландыру жетістіктерін таныстырды
Халықаралық технологиялық форум – Digital Almaty 2025 аясында «Цифрландыру – ЕАЭО аграрлық секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторы» тақырыбында панельдік сессия өтті.
Іс-шараға Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі алқа мүшесі (Министрі) Гоар Барсегян, ЕАЭО елдерінің мемлекеттік органдарының өкілдері және халықаралық сарапшылар қатысты.
Сессияда агроөнеркәсіптік кешеннің цифрлық трансформациясы, жасанды интеллект технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына арналған өзара байланысқан экожүйе құру бойынша бірлескен іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы АӨК цифрландыру саласындағы елдің жетістіктерін таныстырып, ЕАЭО аясында ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын атап өтті.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан заманауи шешімдерді белсенді түрде енгізуде. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу жүйелері, субсидиялау процестерін автоматтандыру және өсімдік шаруашылығын мониторингілеу жүйелері бар.
Сонымен қатар, жасанды интеллект технологияларын әзірлеу және енгізуге ерекше назар аударылды. Бұл технологиялар ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін және жердің түсімділігін болжауға, сондай-ақ субсидияларға өтінім беру үдерісін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұл бастамалар агроөнеркәсіптік кешенді басқару тиімділігін айтарлықтай арттыруға бағытталған.
Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстанның бастамаларын қолдап, АӨК жедел дамуы үшін үздік цифрлық тәжірибелерді интеграциялау маңызды екенін атап өтті.