Әлихан Смайылов: Мемлекеттік органдар шағымдардың келіп түсуін күтпей-ақ, қазақстандықтардың мәселелерін уақытылы шешуі керек
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабын өткізді.
Үкімет басшысы проблемалық мәселелерді жедел шешу үшін министрліктер, әкімдіктер мен ұлттық компаниялар арасындағы үйлестіруді күшейтудің маңызын атап өтті. Осы орайда Премьер-Министр әкімдіктер жергілікті жерлердегі проблемалар туралы Үкіметке толық ақпарат бере бермейтінін атап өтті.
«Мәселен, жылыту маусымына немесе су тасқынына дайындық кезінде, инфрақұрылымды жаңғырту және жөндеу бойынша мәліметтер уақытылы және толық берілмейді. Нәтижесінде проблемалар дұрыс шешілмейді. Бұл төтенше жағдайларға алып келеді. Өткен қыс айы мен көктемде ондайдың біразын көрдік. Нақты іс жүзіндегі нәтижелер қажет. Сонда ғана азаматтар жағдайдың өзгергенін, өмір сүру сапасының жақсарғанын сезінетін болады. Әрбір мемлекеттік орган мен әкімдік, ұлттық компаниялар жағдайды жіті бақылап, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуі тиіс», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдын алу шараларын қабылдап, мәселелерді уақытылы шешу қттігін айтты.
Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев өз сөзінде күн сайын халықтың жарияланымдары, шағымдары мен өтініштерінің дайджесті жасалатынын, ал аса өзекті мәселелер жедел және проактивті түрде шешу үшін Тәуекелдер картасына енгізілетінін атап өтті.
Оған қоса Үкімет Аппараты азаматтардан келіп түскен өтініштерге талдау жүргізеді. Бұл ретте өтініштердің қаралуын бақылау күшейтілді.
Премьер-Министр Үйлестіру штабының отырыстарында өңірлер мен орталық мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын талап ететін мәселелер үнемі көтеріліп отыратынын атап өтті. Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасарлары көтерілетін мәселелерді апта сайын өз деңгейінде қарайтын болады.
«Үкімет Аппараты Мемлекет басшысы мен Үкімет басшылығының тапсырмаларының орындалу барысын қатаң бақылауға алуы тиіс. Бізге өзара келісілген іс-әрекеттер мен нақты нәтиже керек», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.