Қалбатауда компьютерлік томография іске қосылды

Абай облысында ауылдық жерлердегі медицинаға да көңіл бөлінуде. Аудан орталықтарындағы ауруханалар заманауи медициналық қондырғылармен жарақтануда. Мәселен, бүгін Жарма аудандық ауруханасы компьютерлік томографияны іске қосты. Шараға аудан әкімі Нұрлан Борсықбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Сәбитов, аурухана ұжымы мен ардагер дәрігерлер қатысты.
Компьютерлік томография ішкі органдар мен тіндер бейнелерінің жоғары дәлдігі мен нақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл дәрігерлерге әртүрлі ауруларды неғұрлым дәл диагностикалауға және мониторингілеуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Жарма ауданы бойынша орталық ауруханадан бөлек 3 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 10 медициналық пункт тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Естеріңізде болса, өткен жылдың соңында дәл осындай компьютерлік томография аппараты Мақаншы ауданына қойылған болатын. Енді кезекте Ақсуат ауданына орнату жоспарда тұр.