Ауған соғысы ардагерлерімен патриоттық кездесу өтті

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармасының Тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің ұйымдастыруымен Мақаншы ауылындағы Мақаншы мектебінде Ауған соғысы ардагерлеріне арналған патриоттық іс-шара өтті.
Іс-шараға Тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстарға қатысқан ардагерлер арнайы шақырылды. Ардагерлер жас шекарашылар мен мектеп оқушыларына өздерінің әскери тәжірибелері мен соғыс жылдарындағы естеліктерін айтып, патриоттық рухты нығайтуға бағытталған түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында ардагерлер Отан алдындағы борышты өтеудің маңыздылығын, батылдық пен ерліктің құндылықтарын ерекше атап өтті. Олар жас ұрпақты өз елін сүюге, бейбіт өмірдің қадірін бағалауға шақырды.
Мектеп оқушылары да өз өнерлерін көрсетті. Олар ұлттық өнерді дәріптеп, домбыра тартып, патриоттық әндер орындады. Сонымен қатар, өздерінің әскери дайындықтарын да паш етіп, автоматты бөлшектеп-жинау шеберліктерін көрсетті.
Бұл іс-шара жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, ардагерлердің ерліктерін мәңгі есте сақтауға бағытталды.