«Жас сарбаз» тәрбиеленушілері арасында ең мықты шахматшылар анықталды
Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен «Жас сарбаз» қозғалысы тәрбиеленушілері арасында шахматтан алғашқы республикалық турнир өтті.
Jas sarbaz Chess Cup зияткерлік сайысына барлық облыстар мен Республикалық маңызы бар қалалардан 12-17 жас аралығындағы отыздан астам ұл мен қыз қатысты. Сайыс Швейцария жүйесі бойынша жылдам шахмат форматында өтті.
Балаларды турнирдің аяқталуымен құттықтауға Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов, Ұлттық қорғаныс университеті бастығының орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабы академиясы факультетінің бастығы генерал-лейтенант Абай Тасболатов, Мемлекеттік күзет қызметінің ардагері запастағы подполковник Бақытгүл Баетова, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев және «Жастар Ассамблеясы» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев келді.
Жеті турдың қорытындысы бойынша астаналық Едіге Рахат жасөспірімдер арасындағы спорттық-зияткерлік сайыстың чемпионы атанды. Ақмола облысынан келген Алисат Қасенов күміс, Ақтөбе облысынан келген Бейбарыс Бекбол қола жүлдегер атанды.
Қыздар арасында алтын медальге Астана қаласының тұрғыны Анастасия Перейма ие болса, Қарағанды облысынан келген Айғаным Қамбарова күміс, шымкенттік Дилнозахон Мұсахожаева қола жүлдеге ие болды.
Абай облысы Семей қаласынан келген Дана Тұрсынбаева «Табандылық пен жеңіске деген жігері үшін» арнайы номинациясымен марапатталды. Сегізінші сынып оқушысы бес жасынан бастап шахматпен айналысады. Кішкентай кезінен осы спорт түріне анасы баулыған.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медальдар, дипломдар мен сыйлықтар табысталды.