Қазақстандық боччашыларға халықаралық жаттықтырушылар шеберлік сабақтарын өткізді

Қазір Астанада қазақстандық боччашылардың оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр. Соның аясындағы семинар-тренингтерде отандық параспортшылар мен жаттықтырушыларға Корея және Тайланд елдерінен келген белгілі халықаралық мамандар жаттығу өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісуде. Бүгін параатлеттердің жаттығуына Парламент Сенатының Төрағасы – Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев арнайы барды.
Боччадан практикалық семинар-тренингке Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Атырау, Жаңаөзен, Павлодар қалалары және Жетісу, Абай облыстары сияқты әр өңірден келген 16 спортшы мен жаттықтырушы, сондай-ақ, 9 өңірлік федерацияның басшылары қатысып жатыр.
Іс-шараның мақсаты – өңірлерде аталған спорт түрін дамытудың бірыңғай стратегиясын әзірлеу және спортшылардың әлеуетін одан әрі ашуға ықпал ету.
Сонымен қатар практикалық шеберліктің де маңызы зор. Тренингке шақырылған жаттықтырушылар әлемге танымал және боччадан Паралимпиада чемпиондарын дайындап жүрген тәжірибелі мамандар. Нақты айтқанда, оңтүстіккореялық сарапшы Чол Хен Квонның әдістемесі бойынша бүкіл әлем боччашылары жаттығады. Ал, Тайландтан келген Котсила Самрит – боччадан осы елдің ұлттық құрамасының бас бапкері.
Мәулен Әшімбаев қазақстандық боччашылармен белсенді жұмыс істеп жатқан шетелдік жаттықтырушыларға алғыс білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол бүгінде елімізде боччамен айналысқысы келетіндер қатары жыл сайын көбейіп келе жатқанын және қазақстандық спортшылардың дайындық сапасы да арта түскенін атап өтті. Сондықтан әлемдік деңгейдегі жаттықтырушылардың шеберлік сабақтары жаңа техниканы меңгеруге, бірегей әдістемелерді пысықтауға және боччаның ерекшеліктеріне терең үңілуге жол ашады.