Қазақстандық әскери делегация Араб әмірліктеріндегі қорғаныс технологияларының заманауи үлгілерін зерделеді

Қазақстан Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Абу-Дабиге ресми сапары аясында IDEX және NAVDEX-2025 халықаралық қорғаныс технологиялары көрмесінің жұмысымен танысып, зерделеді.
ADNEC көрме орталығында Қазақстан қорғаныс ведомствосының делегациясы қару-жарақ, әскери техника үлгілерін және қорғаныс мақсатындағы технологиялар ұсынған ірі әскери-өнеркәсіптік компаниялардың павильондарын аралады.
Көрме алаңында Руслан Жақсылықов БАӘ вице-премьері және қорғаныс министрі шейх Хамдан ибн Мұхаммед Әл Мактуммен кездесті. Тараптар екіжақты өзара іс-әрекет бағыттарын талқылап, қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бейілділігін растады.
Одан бөлек Қазақстанның Қорғаныс министрі қорғаныс өнімдерінің жетекші өндірушілерінің басшыларымен келіссөздер жүргізді.
Айта кетсек, IDEX және NAVDEX 2025 қорғаныс технологияларының ең ірі халықаралық көрмесі БАӘ Президентінің қолдауымен өтуде. Биыл оған 65 елден 1500-ден аса компания қатысты.