Жарма ауданының орталықтандырылған кітапханасында көрме ұйымдастырылды
Жарма ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі» атты кең көлемді тұрақты кітап көрмелері ұйымдастырылды.
Кітап көрмелерінің негізгі мақсаты – оқырмандарды адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу, сондай-ақ Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақстандықтардың батырлығын насихаттау. Сонымен қатар, көрме арқылы Абай Құнанбаевтың өнегелі өмірі мен шығармашылығын кеңінен таныстырып, оқырмандарды көркем сөйлеуге баулу көзделді.
Кітап көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміндегі алғашқы құттықтау сөз Жарма ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Маржан Асановаға берілді. Сонымен қатар, Жарма аудандық сотының төрағасы Руслан Омаров жас оқырмандарға Абайдың даналығы – халық мұрасы екендігін атап өтіп, кітапхана қызметіне ризашылығын білдірді.
«Шабыт» ақындар орталығының жетекшісі, ардагер ұстаз, ақын Жұмабақыт Толышқызы оқырмандарға Абай өлеңдерінің терең мағынасы мен тәрбиелік мәні туралы ой қозғады.
Іс-шара барысында Жарма аудандық Мәдениет сарайының әншілері Абайдың әндерін және Ұлы Отан соғысы туралы патриоттық әндерді орындап, рухани кештің мазмұнын байыта түсті.
Көрмеге Жарма аудандық сотының қызметкерлері, ұстаздар, оқушылар, «Шабыт» орталығының жас ақындары және кітапхана оқырмандары қатысты.
Осындай шаралар Абай мұрасын дәріптеуге және тарихи жадыны сақтау арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосатыны сөзсіз.