«АҚШЫҢ» сауда үйінің қызметі қайтадан жалғасын тапты
Қар көбесі сөгілген көктемнің алғашқы күні семейліктерге ерекше қуаныш сыйлады. Алдымен наурыздың 1-і Алғыс айту күні қасиетті Ораза айының басталуына сай келсе, қаламыздағы «АҚШЫҢ» сауда үйі қайтадан пайдалануға беріліп, жұрт қуанышын еселеді. Өйткені, өткен жылдың ақпан айының 5-інен 6-ына қараған түні сауда орталығында тосыннан өрт шығып, тілсіз жау 17000 шаршы метр аумақ жалынға оранған болатын. Бұл күнделікті кәсібін осы жерде дөңгелетіп отырған 3,5 мың кәсіпкерге де, келген адам керегін табатын қала тұрғындарына да ауыр тиді.
«АҚШЫҢ» сауда үйінің иесі, белгілі меценат Марат Құрманбайдың айтуынша, тілсіз жаудың зардабынан 10 млрд теңге шығын келген. Халықтың көз алдында болған осынау ауыр көріністі сол кезде де, қазір де айтып жеткізу оңайға түспесі белгілі.
Дегенмен, бизнес саласындағы, әсіресе, Семей қаласында сауда саласын дамытудағы істерінен бөлек, халықтың ойынан шығатын меценаттық істерімен де танымал Марат Құрманбай тосыннан тиген сынақтан шығудың барлық мүмкіндіктерін қарастырудан аянған жоқ. Бүлінген ғимаратты қайтадан қалпына келтіруге барын салудың нәтижесінде өткен сенбіде «АҚШЫҢ» сауда үйінің алғашқы қабатындағы ет, азық-түлік өнімдері сөреге қойылып, сауда ісі жандана бастады.
Марат Серікжанұлының айтуынша, ғимаратты жөндеу, үстіңгі қабаттарды жаңғырту жұмыстары алда да жалғаса беретін болады.
Осы ғимаратта отыз жылдан бері ет саудасымен айналысып келе жатқан Фариза Қалиева бұрынғы орнында кәсібін жалғастыруға жол ашылғанына шынайы ризашылығын білдірді.
Жұмысын жаңадан бастаған сауда орталығына Рамазан айына орай жарапазан айтып, ұлттық киімде өнер көрсеткен бір топ азаматтар кәсіпкеерлердің көңілін көтеріп, келгендердің қызығушылығын арттыра түсті.