Cемей3°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
503.05 542.99 5.98

Қазақстан СІМ жанындағы диалог алаңында азаптаудың алдын алу мәселелері талқыланды

4-03-2025, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надирқұлованың төрағалығымен «Адами өлшем бойынша диалогтық алаң» консультативтік-кеңесші органының кіші тобының отырысы өтті.

Күн тәртібінде азаптау мен қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынастан қорғаудағы алдын алу шараларын жетілдіру бойынша негізгі мәселелер қаралды.

Отырыс Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеу қызметі бастығының орынбасары Владимир Малаховтың баяндамасымен ашылды. Өз сөзінде ол қылмыстық заңнаманы Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келтіру мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізу саласында елімізде жүргізіліп жатқан маңызды реформалар туралы хабардар етті. Толық оңалту және азаптау құрбандарына өтемақы төлеу қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда зиянды өтеу мөлшерін ұлғайту және оның механизмін жетілдіру бөлігінде түзетулер енгізу мәселесі қарастырылуда.

Отырыстың екінші мәселесі бойынша Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың бөлім меңгерушісі Жанар Бигалиева азаптаудың алдын алудағы Ұлттық алдын алу тетігінің (бұдан әрі – ҰААТ) рөлі туралы баяндама ұсынды. Бүгінгі күні кеңсенің жұмысы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ақпараттық жүйесінің функционалын жетілдіруге және оны сотталғандардың шағым беру терминалдарымен интеграциялауды аяқтауға, ҰААТ қатысушыларының есептер жасау жөніндегі жұмысының цифрлық форматына көшуді аяқтауға, сондай-ақ ҰААТ қаржыландыруды ұлғайтуға шоғырланған.

Үшінші мәселені қарау барысында Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнара Сәрсенбаева қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Ол ағымдағы жылы нормативтік актілерге тәулік бойы төсек-орындарды енгізу, медициналық тексеру кезінде зерттеулер тізбесін өзгерту, жарақтандыруды, штаттық нормативтерді және скрининг тексерулер тізбесін қайта қарау, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік қызметтер мен цифрландыруды енгізу бойынша өзгерістер енгізу жөніндегі жоспарларымен бөлісті.

Күн тәртібінің төртінші мәселесін талқылау шеңберінде Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Сәдібеков азаптауды болдырмау мақсатында барлық мекемелерде 39000-нан астам камера жұмыс істейтін, оларға прокуратура органдары үшін онлайн қолжетімділігі бар үздіксіз бейнебақылау енгізілгенін атап өтті. Сонымен қатар ол Әлеуметтік кодексті қабылдай отырып, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде ұсталатын бірінші топтағы мүгедектігі бар сотталғандарға күтім бойынша жәрдемақы түріндегі әлеуметтік төлемдерді тағайындай отырып, сол мекемелердегі сотталғандар қатарынан адамдар күтім жасай алатынына назар аударды.

Отырыстың бесінші мәселесі бойынша Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтардың орта білім алуға құқығы бар екенін және оларға жұмысшы мамандығын тегін алуға ұсынылатынын атап өтті. Бүгінгі таңда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жанындағы колледждерде 2522 студент оқиды.

Жалпы, күн тәртібіндегі мәселелер сындарлы және ашық форматта талқыланды. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері тікелей пікір алмасу және әзірленген ұсынымдармен бөлісу үшін мүмкіндік алды.

«Адами өлшем бойынша диалогтық алаң» консультативтік-кеңесші органы 2013 жылы ҚР СІМ бастамасымен құрылды. Алаң Үкімет пен азаматтық сектор арасындағы диалогты ілгерілетудің тиімді құралы ретінде қызмет атқаруда. Алаңда халықаралық ұйымдардың (БҰҰ Даму бағдарламасы, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы, ЕҚЫҰ және т.б.) байқаушылар ретінде қатысуымен адам құқықтарын қорғаудың әртүрлі өзекті мәселелері талқыланады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив