Cемей3°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
503.15 543.3 5.93

Облыс әкімі Шүлбі кентіндегі әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады

5-03-2025, 09:45 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысының әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданына жұмыс сапары барысында Шүлбі кентіндегі бірнеше әлеуметтік нысанды аралады.

Аймақ басшысы Шүлбі орта мектебінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Бұл мектепте 214 оқушы білім алуда. Алайда ғимараттың бір бөлігі пайдаланылмай, бос тұр. Жаңасемей ауданының әкімі Алмас Тастенбеков нысанның осы бөлігін жаңғыртып, Шүлбі орта мектебі-эстетикалық тәрбие мен білім беру кешенінің оқушыларын орналастыру жөнінде ұсыныс айтты. Өйткені, балабақшаға арнап салынған ғимаратта 90 бүлдіршін тәрбиеленіп, 153 оқушы оқып жатыр. Олардың лайықты білім алуына тиісті жағдай жасалмаған. Спорт залы мен арнайы кабинеттер жоқ.

«Балабақша ғимаратында тек бүлдіршіндер ғана тәрбиеленсе деген ұсынысыңыз орынды. Оқушылардың барлық талаптарға сай келетін мектепте білім алуы үшін бар жағдайды жасауымыз керек. Бұл мәселені жан жақты қарастырайық. Ата-аналармен түсіндірме жұмысын жүргізу керек»,- деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Шүлбі кентіндегі тұрғын үй құрылысымен де танысты. Елді мекенде бір бес қабатты, 60 пәтерлі үй қалпына келтірілуде. Кентте 70-ке жуық адам үй кезегінде тұр. Баспана кілттері наурыз айының соңында дейін тапсырылады деп жоспарланып отыр. Аудан әкімі облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес мұғалімдер мен дәрігерлерге пәтер берілетінін айтты. Өйткені, ауданда осы санаттағы мамандар тапшы. Аймақ басшысы кентте осындай бос тұрған үйлер болса қалпына келтіруді жалғастыру керектігін атап өтті.

«Жаңасемей - Президенттің тікелей бастамасымен құрылған аудан. Бүгін аграрлық, өндірістік әлеуеті зор ауданның әкімшілік ғимаратымен таныстым. Жеке ғимараты жоқ болғандықтан басқа нысанды жалға алып отыр. Алдымен осы мәселені шешуіміз керек. Аудандағы ірі елді мекендердің бірі Шүлбі кентінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын біліп, өзекті мәселелерін тыңдадым. Аудан әкімі өңірдің сыртта жүрген кәсіпкерлерінің өз кәсіпорындарын ауданға тіркеуді бастағанын айтты. Бұл бастаманы жандандыру керек. Салық ауданға түсуі қажет. Өз азаматтарымыздың қаржысы туған жердің игілігі үшін жұмсалғаны жөн. Қазір біз өңірдің арнайы кешенді бағдарламасын әзірлеудеміз. Ауданға барынша қолдау көрсетеміз»,- деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы көпфункционалды спорт кешенінде де болды. Жалпы аумағы 1600 шаршы метрді құрайтын спорт кешенінде шағын футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, теннис корты, жүгіру жолы және бокс рингі бар. «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорының қаражатына салынған нысан қазір толық жұмыс істемей тұр. Спорт басқармасының басшысы ғимараттың қыста суық, жазда ыстық екенін, талаптарға сай келмейтінін жеткізді.

«Мәселе орынды көтеріліп отыр. Бұл – әу баста дұрыс жоспарланбай салынған нысан екен. Мен мұны «Самұрық Қазына» басшылығына міндетті түрде жеткіземін. Кемшіліктердің барлығын жазып, тиісті құжаттар мен анықтамасын беріңіздер. Бір жақты шешім қабылдайтын боламыз»,- деді облыс әкімі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив