Cемей3°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
503.05 542.99 5.98

Сенат Төрағасы: Еңбек адамының мәртебесін көтеру – біздің ортақ міндетіміз

5-03-2025, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Сенаторлар кеңесінің отырысы өтті. Онда қатысушылар қоғамда еңбекқорлық пен кәсіпқойлық құндылықтарын дәріптеу және нығайту мәселелерін талқылады.

Палата Төрағасы атап өткендей, қазіргі таңда Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде барлық салада кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Соның аясында еңбек адамының беделін арттыру тетіктерін жетілдіруге және еңбексүйгіштік пен кәсіпқойлық құндылықтарын ілгерілетуге баса мән беріліп келеді.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев өткен аптада Сенатта еңбек адамының ел дамуындағы рөліне арналған парламенттік тыңдау ұйымдастырылғанын, онда жұмысшы мамандықтардың беделін одан әрі көтеру, жұмысшыларды қолдаудың арнайы бағдарламасын әзірлеу және кадр даярлау процесіне жұмыс берушілердің қатысуын кеңейту мәселелері қозғалып, маңызды ұсыныстар айтылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ Сенаторлар кеңесінің отырысы сол игі іс-шараның жалғасы екеніне назар аударды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осындай бастамаларды тиімді жүзеге асыру және көздеген мақсатқа жеткізу жолында еңбек адамы маңызды рөл атқарады. Сондықтан еңбек адамының мәртебесін көтеру – қазіргі таңда жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі және ол біздің ортақ міндетіміз. Сенаторлар кеңесінің бүгінгі отырысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер де еңбек идеологиясын ілгерілетуге, қоғамда адал және жасампаз еңбек құндылықтарын дәріптеуге ықпал етеді деп сенемін», – деп, Мәулен Әшімбаев Кеңес мүшелерінің кәсіби және өмірлік мол тәжірибелері аталған іске үлкен септігін тигізетінін атап өтті.

Отырыс барысында Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, Сенаторлар кеңесінің мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Асхат Күзеков, Мұрат Бақтиярұлы, Серік Бектұрғанов, Сергей Плотников және басқа қатысушылар сөз сөйледі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив