Депутаттар жасанды интеллект туралы заң жобаларын әзірлеуге кірісті

Мәжілісте Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың жетекшілігімен «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулердің таныстырылымы өтті. Заң жобаларының нормаларымен оның авторларының бірі, депутат Екатерина Смышляева таныстырды.
Отырысты ашқан Нұртай Сабильянов заң жобаларына Парламент депутаттары бастамашы болғанын атап өтті. Оны жүзеге асырудың маңыздылығын Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында және биылғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткен еді. Түзетулер жасанды интеллект технологияларын қолданудың бірыңғай құқықтық базасын құруға бағытталған.
Екатерина Смышляеваның айтуынша, Қазақстан Еуропалық Одақтан кейін жасанды интеллект мәселелерін реттейтін жеке заң қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болуы мүмкін. Оны дамытудың негізі жасанды интеллектіні экономика мен өмірдің түрлі саласына ауыртпалықсыз енгізу, оның жүйелерін сенімді әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, елде тиісті технологияларды дамыту болды.
– Цифрлық заңнамада біз технологиялық бейтараптық қағидатын ұстануға тырысамыз, яғни заңдарды немесе ережелерді жеке технологияларға ғана бағыттамауымыз қажет. Бірақ бұл жағдайда технологияның ерекшелігі сонша, ол өз айналасында әлеуметтік қатынастардың ерекше түрін жасайды. Бұл заң жобасы оларды реттейді, – деді Екатерина Смышляева.
Оның айтуынша, негізгі заң жобасы 7 тарау, 27 баптан тұрады. Басты жаңалықтардың бірі – жасанды интеллект жүйелерін тәуекел деңгейлері (ең төменгі, орташа және жоғары) бойынша жіктеу. Бұл пайдаланушылардың және қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне ықтимал әсеріне байланысты олардың жұмысын реттеуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте бақылаусыз зардаптардың ықтималдығын азайту үшін жобада Қазақстан аумағында адамның араласу мүмкіндігінсіз шешім қабылдайтын жүйелерді құруға және енгізуге тыйым салынады. Жасанды интеллект иелері мен әзірлеушілері пайдаланушыларға жасанды интеллектпен қалай әрекет ету қажеттігін ескертуге және оның қалай жұмыс істейтіні туралы түсініктеме беруге міндетті.
Жеке деректерді қорғау және айла-шарғы жасаудың алдын алу мақсатымен адамдарды әлеуметтік, биометриялық және мінез-құлық ерекшеліктеріне қарай бағалау үшін жасанды интеллектіні қолдануға қатаң шектеу, сондай-ақ адамның мінез-құлқын басқаруға қабілетті жасанды интеллект құруға, пайдалануға тыйым салу туралы норма енгізіледі.
Сонымен қатар Ұлттық жасанды интеллект платформасы құрылады. Басқарылатын ортада жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу, оқыту және сынақтан өткізу үшін мемлекеттік технологиялық инфрақұрылым қалыптасуда. Бұл осы саладағы отандық шешімдерді дамытуға ықпал етеді. Бұл ретте жасанды интеллект және деректер саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары Үкіметте қалады. Реттеуші Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанынан құрылған Жасанды интеллект комитеті болады.
Ілеспе жоба аясында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске, сондай-ақ «Ақпараттандыру туралы», «Дербес деректер және оларды қорғау туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Масс-медиа туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Осылайша, жасанды интеллект туралы заңнама талаптарын бұзғаны үшін, оның ішінде синтетикалық деректер туралы пайдаланушыларды хабардар етпегені және жасанды интеллект жүйелерінің тәуекелдерін басқарудың болмауы үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Сондай-ақ электронды үкімет аясында жасанды интеллект жүйелерін дамытуға талаптар қарастырылады. Жеке деректерді ашық көздерден алуға шектеулер, медиаконтент жасау кезінде жасанды интеллектіні қолдану туралы пайдаланушыларды хабардар ету міндеті белгіленеді. Басқа да түзетулер қарастырылған.
Баяндаманы тыңдаған соң депутаттар баяндамашы мен жауапты мемлекеттік органдардың өкілдеріне нақтылау сұрақтарын қойып, заң жобаларының мазмұнын жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын айтты.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсерін атап өтті: Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметінше, жасанды интеллект 90 миллионға жуық жұмыс орнын алмастырады. Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстанда нақты жұмыссыздық деңгейі қазірдің өзінде 12-13 пайызды құрап отыр, бұл шамамен 1 миллион адам.
– Мен бұл мәселе бойынша бірнеше рет депутаттық сауал жолдадым. Егер қазір кейбір салаларда жасанды интеллект адамдарды алмастырса, жағдай нашарлауы мүмкін. Тағы бір мәселе, біз мұндай адамдарды қаншалықты тиімді қайта оқытып, оларға жұмыс тауып бере аламыз. Бұл мәселелерді заң жобасы аясында қарастыру қажет, – деді депутат.
Сонымен қатар депутаттар жасанды интеллект саласын мемлекеттік реттеудің орындылығы, оны бақылау дәрежесі, осы саладағы отандық мамандардың біліктілігі туралы сұрақтар қойды. Жасанды интеллект арқылы жасалған алаяқтық мәселесін шешудің заңнамалық нормалары, жасанды интеллект арқылы жасалған туындылардың авторын белгілеу, оны мектеп оқушыларының пайдалануын шектеу мәселелері және басқа мәселелер қозғалды.
Заң жобаларын талқылау Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева жетекшілік ететін жұмыс тобында жалғасады. Отырыс барысында айтылған ұсыныстар ескерілетін болады.