Сенат Төрағасы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысымен кездесті

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Фолькер Фробартпен кездесті.
Мәулен Әшімбаев Фолькер Фробартты ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы ретіндегі миссиясының сәтті аяқталуымен құттықтап, оған Қазақстан мен Ұйым арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ Палата Спикері Қазақстан ЕҚЫҰ-ны халықаралық қауіпсіздіктің қазіргі келбетін қалыптастыратын негізгі институт ретінде қарастыратынын және сындарлы өзара іс-қимылды, оның ішінде парламентаралық байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар экология, климаттың өзгеруі, трансшекаралық өзендер, суару, су ресурстарын тиімді пайдалану салаларына қатысты өңірдегі өзекті мәселелерді талқылады. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл бағыт Мемлекет басшысының ерекше назарында.
Сонымен қатар сұхбат кезінде тұрақты экономикалық өсу, адам құқықтарын қамтамасыз ету ісіндегі ынтымақтастық, заң үстемдігі, цифрландыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және басқа да салалардағы бірлескен жұмыстың маңызды бағыттары талқыланды.
Фолькер Фробарт өз сөзінде елімізде іске асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді жоғары бағалап, алдағы уақытта Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.