Мәжіліс депутаты БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы өкілдерімен кездесті

Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) өкілдерімен кездесті.
Онда Қазақстан мен ФАО арасындағы ынтымақтастықты нығайту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, осы саладағы стратегиялық жобаларға заңнамалық қолдау көрсету мәселелері талқыланды.
Кездесуге Парламент депутаттары, ФАО Бас директорының орынбасары, Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Виорел Гуцу және ФАО сарапшылары, басқа да мүдделі тараптар қатысты.
Жүздесу барысында комитет төрағасы елімізде Қазақстан-ФАО серіктестік бағдарламасын дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын айтты.
– ФАО-мен ынтымақтастық Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біз аграрлық секторды тұрақты дамыту үшін халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларды енгізуге мүдделіміз, – деді Серік Егізбаев.
Одан әрі тараптар бірлескен жобаларды кеңейту, су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық таза өнімдерді өндіруді арттыру, оны халықаралық нарыққа шығару, аграрлық саясатты жетілдіру сияқты басқа мәселелер бойынша пікір алмасты.
Өз кезегінде Виорел Гуцу Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бастамаларын қолдайтынын білдіріп, аталған барлық бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.
Бұл кездесу Қазақстан мен ФАО арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға және еліміздің аграрлық секторын жаңа деңгейге көтеруге маңызды қадам болмақ.
Айта кетейік, ФАО – ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы халықаралық ұйым. Қазақстан мен ФАО арасындағы серіктестік 1997 жылдан бері жалғасып келеді. Қазақстанда ФАО-мен Байланыс және әріптестік бюросы құрылып, саланы қолдауға бағытталған 55-тен астам жоба жүзеге асырылды.