Облыс әкімі асыл тұқымды жылқы өсірумен шұғылданатын шаруа қожалығының жұмысымен танысты
Абай облысының әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданындағы жұмыс сапарында Ерназар ауылында асыл тұқымды жылқы өсірумен шұғылданатын «Мукинов» шаруа қожалығының ғылыми жетістіктерімен танысты.
Шаруа қожалығы 2022 жылы «Бесқарағай» аталатын қазақы жылқының жаңа типін шығарған болатын. Гендік негізіне байланысты Шойынқара және Байторы деген атау берілген қылқұйрықтылардың ерекшелігі – кез келген ауа райына төзімді. Бойы биік, етті әрі сүтті. Тебіндегі айғырлары 700, биелері 600 келіге дейін тартады. Мініске де, жегіске де шыдамды. Селекция жұмысына Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Семейдегі Шәкәрім университетінің ғалымдары атсалысты. Қазақы жылқыларды будандастыру арқылы жаңа тип шығару жұмысы 1968 жылы басталған.
Шаруа қожалығы былтыр «Ертіс» аталатын қазақы жылқы тұқымының жаңа зауыттық типін таныстырды. Бұл – Бесқарағай ауданындағы жылқылардың жаңа типіне сәтті іріктеу жүргізген екінші қадам. Қазір шаруашылықта қазақтың ақ бас сиырынан Бесқарағай өңіріне бейімделген мүйізсіз сиырдың жаңа типін шығару бағытында ғылыми жұмыс жүргізілуде.
Облыс әкімі шаруашылықтың ғылыми жетістіктерін жоғары бағалап, осы бағыттағы жұмысты жалғастырудың маңызын атап өтті.