Қар құрсауында қалған Үржардағы жағдай тұрақталды
Қыс аяқталып, көктемнің төбесі көрінгенде Үржар, Мақаншы өңірінің халқы қар құрсауында қалды. Наурыз айының 7-інен 10-ына дейін толассыз жауған сулы қардың мөлшері таулы аймақтарда 1,5 метрдей, жазық жерлерде орташа мөлшермен 60-70 см-ге дейін жеткені анықталды.
Үш күн бойы үздіксіз жауған қардың үй төбесіне дейін жүріп өткеніне қарап-ақ, әсіресе, Үржар ауданындағы ауылдардағы жағдайдың қаншалықты күрделене түскені көрініп тұр. Қыстан қалған қардың үстінен үстемелей жауғандықтан, төменгі деңгейі бір жерде 50-60 сантиметр шамасында болса, Бестерек ауылында 2 метрге дейін жеткен. Тарбағатай тауының бөктеріндегі Қарабұйрат пен Тасбұлақ ауылындағы ахуал тұрғындарды тіптен, тығырыққа тірей түскен. Дегенмен, қазір бұл екі ауылға апаратын жол қатынасын ашу жұмыстары жүріп жатыр.
Табиғаттың тосын мінезіне қарамастан, алдымен шатырдағы қарды түсіріп, үй іргесін аршып жатқан азаматтардың жанталаса қимылдаған видеосы да әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Тіпті, кейбір көрінстерге қарасақ, үш ай қыстың қары бір күнде бір-ақ түскендей әсер қалдырады.
Үржар ауданы әкімінің орынбасары Серік Тілемісов ауылдардың аудан орталығымен жол қатынасын ашуға барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатқандығын мәлімдеді. Әкімдіктің ресми мәліметінде айтылғанындай, қалың сулы қардың салдарынан ағаштар құлап, электр сымдары үзіліп, аудан бойынша 13 елді мекенде электр жарығы сөніп қалған. Жедел қимылдаудың нәтижесінде, барлық елді-мекендерде электр жарығы қалпына келтірілді. Сонымен қатар қосымша көмекке «БЭСК» АҚ Семей, Жарма, Аягөз аудандарынан арнайы 7 техника мен 5 бригада (22 адам) келді. Қазіргі уақытта жекелеген абонеттерде авариялық ақауларды қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 10 бригада жұмылдырылды. Жолдарды қардан тазалауға аудан бойынша барлығы 35 елді мекенге 87 бірлік арнайы техника тартылған.
Қар құрсауында қалған ауылдардың бірі - Үржар ауданындағы Белтерек ауылдық округі. Мұнда 646 отбасы, 2212 тұрғын бар. Ер Қабанбай және Қазымбет ауылдары да осы округ құрамында. Ауыл халқы төрт түлігін қарашада қар түскеннен, сәуірге дейін қолда ұстайды.
Егінсу ауылдық округінің әкімі Жандос Мұқтарұлының сөзіне сүйенсек, ауылдағы жағдай қалыпты. Қардың қалың түсуі салдарынан талдар құлап электр желілерін басып қалғанымен, ауыл азаматтары тізе қоса қимылдап, жарықсыз қалудан сақтап қалған. Қазір мектеп, әкімшілік ғимараттарының айналасы қардан тазартылған. Осы округ құрамындағы Жанай ауылындағы тіршілік тұрақталған.
Түйіндей айтқанда, жалпы елдімекендер ішін қардан тазалауға меморандумға отырған жеке шаруа қожалық иелерінен 40-қа жуық техникалар жұмылдырылған.