Мақаншылықтардың мақсаты – «жұмыла көтерген жүк жеңіл»
Шекара шебінде жаңадан құрылған Мақаншы ауданында да қардың қалың түсуі халықты әбігерге салды. Дегенмен, сын сағатта уақыт қарап отыруды көтермейтіні түсінікті. Қар тазалау, тасқын судың алдын алуға тиісті мекемелер мен жұртшылық жұмыла кірісті.
Мақаншы аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аслан Құсайыновтың мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, «Мейірлан» ШҚ 2 К-700, 2 МТЗ тракторын, «Мусин» ЖК 3 тракторы мен 1 автогрейдер, 1 жүк тиегішін жұмылдырса, «Мақаншы» КМК 9 трактор, 1 «КамАЗ», 1 жүк тиегіші мен автогрейдерін іске қосқан.
Сонымен қатар «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қар тазалау жұмысына ерікті жастар да өз үлесін қосып, қарт адамдар мен мүгедектігі бар адамдарды, көп балалы отбасыларды тығырықтан шығаруға барын салды.
Ал Қарабұта ауылының тұрғыны Нұрлан Темірханов тау бөктеріндегі ауылдарға қар нормадан асқан деңгейде жауғандықтан, техника жетіспегендігін айтады.
Мақаншы ауданы әкімінің орынбасары Олжас Амангелдіұлының сөзіне сенсек, аудан орталығының негізгі көшелері мен әлеуметтік маңызы бар нысандар аумағын қардан тазарту қарқынды жүргізілген. Қазіргі уақытта да осы мақсаттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Бақты ауылының әкімі Алмас Ахметұлының айтуынша, былтырғы күрделі жағдай тағы да қайталанбас үшін жергілікті ерекшелік мұқият зерттелген. Ауылдың қарғын су басуы мүмкін жерлерінде қауіптің алдын-алуға барлық жағдай жасалып жатыр.
Осы мақсатта жаңадан екі көпір салынып, бүлінген екі көпір қалпына келтірілді. Жаңадан 300 метр арық тартылған.