Дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру талқыланды

Дене шынықтыру және спорт саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Жиын Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің бұйрығымен құрылған жұмыс тобының аясында ұйымдастырылып, онда саланы дамытуға бағытталған заңнамалық өзгерістер қарастырылды.
Туризм және спорт министрлігі дайындаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттеуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілістің екі оқылымында да мақұлданып, қазіргі таңда Парламент Сенатының қарауында жатыр.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында қаралып жатқан «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңына өзгерістер енгізуге негізделген нормативтік-құқықтық актілер (НҚА) жобаларын әзірлеу мәселелері талқыланды. Жиынға қатысушылар заңдағы негізгі өзгерістердің тиімділігі, оның спортшыларға тигізетін оң әсері, сондай-ақ бұл нормаларды қоғамға түсіндіру жұмыстарының жүргізілу барысын сараптады.
Жұмыс тобының құрамына министрлік қызметкерлері, министрлікке бағынысты ұйымдардың өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың мамандары, отандық спорт федерацияларының жетекшілері мен спорт саласының қайраткерлері кірді. Қатысушылар заңнамалық бастамалардың іске асу тетіктерін, оның ішінде спорт саласын қаржыландыру, басқару және реттеу мәселелерін жан-жақты қарастырды.
Заң жобасында бірқатар маңызды өзгерістер ұсынылған. Атап айтқанда:
- Министрлікке бюджет қаражатының лимиттерін бекіту бойынша құзырет беру;
- Қазақстан Республикасының азаматы емес спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салу;
- Спорттың басым түрлерін айқындау;
- «Мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымын енгізу;
- Спорт федерацияларын аккредиттеу үшін талаптарды белгілеу және тағы басқа шаралар.
Аталған заң жобасындағы өзгерістер спорт саласын жүйелі дамытуға, қаржы ресурстарын тиімді пайдалануға және ұлттық спортты қолдауға бағытталған.
Заңнамаға енгізілетін түзетулердің мақсаты – спортшыларға, жаттықтырушыларға және сала мамандарына қолайлы жағдай жасау арқылы Қазақстанда дене шынықтыру мен спорттың дамуына жаңа серпін беру.
Туризм және спорт министрлігі алдағы уақытта заңнамалық реформаларды іске асыру және оның нәтижелерін тиімді бақылау жұмыстарын жалғастырады.