Cемей11°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
439.37 498.6 5.22

Қазақстан Австрия нарығында 637,5 млн долларлық экспорттық әлеует көріп отыр

Бүгін, 17:04 018.kz

Қазақстан Австрияға өңделген өнім экспортын 637,5 млн долларға ұлғайта алады. Бұл металлургия мен мұнай-химиядан бастап, азық-түлік және машина жасау салаларына дейінгі 100 тауар позициясы бойынша есептелген. Бұл туралы Астанада Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбилдабековтің Қазақстан - Австрия парламенттік достық тобының төрағасы Маркус Хофер бастаған Австрия делегациясымен кездесуінде айтылды. Тараптар қолда бар сауда әлеуетін нақты жеткізілімдерге, инвестицияларға және бірлескен жобаларға айналдыру жолдарын талқылады.

Қазір екі ел арасындағы сауда көлемі қолда бар мүмкіндіктерді толық көрсете бермейді. 2026 жылдың қаңтар – шілде айларында тауар айналымы 159,9 млн долларды құрады. Бұл ретте Қазақстанның экспорты 2,4 есеге өсіп, 7,64 млн долларға жетті.

Қазақстан экспорттық әлеуетті ең алдымен қосылған құны жоғары өнімдерден көріп отыр. Мәселен, металлургиялық өнімдер бойынша қосымша экспорт көлемі 326,6 млн долларға, мұнай-химия өнімдері бойынша 139,6 млн долларға, ал тамақ өнеркәсібі өнімдері бойынша шамамен 97 млн долларға бағаланады.

«Біз үшін сауда көлемін жай ғана арттыру емес, қазақстандық өнімдердің Еуропа нарығындағы үлесін кеңейту маңызды. Бүгінде бұл бағытта жұмыс істей алатын нақты тауарлар мен компанияларды көріп отырмыз», деді Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбилдабеков.

Кездесу барысында Маркус Хофер Австрия тарапының Қазақстаннан өсімдік майын сатып алуға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар Австрия үшін астық өнімдерін өндіру және өңдеу, жасанды интеллект саласындағы жобаларды дамыту және басқа да ынтымақтастық әлеуеті бар бағыттар қызығушылық тудырады. Тараптар қазақстандық өнімдерді Австрия нарығына шығаруды кеңейту және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Көлік-логистикалық байланыстарды дамытуға да ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Австрия теміржол және Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын кеңейтуге мүдделі. Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін арттыру, логистикалық инфрақұрылымды дамыту және тасымалдардың тиімділігін арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты — агроөнеркәсіп кешені. Қазақстан Австрияға астық, ұн, ет, құс еті, балық, бал, зығыр тұқымы және органикалық өнімдер жеткізуді арттыруға дайын.

Тараптар металлургиялық және минералдық шикізатты терең өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды дамыту мәселесін де талқылады. Сауда және ынтымақтастықты кеңейту мәселелері алдағы уақытта Венада өтетін Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің отырысында жалғасады.

Қазақстан үшін ендігі негізгі міндет — белгіленген 637,5 млн долларлық экспорттық әлеуетті нақты келісімшарттарға, жаңа жеткізілімдерге және австриялық бизнеспен ұзақ мерзімді серіктестікке айналдыру.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив