Қазақстан мен Ресей «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін дамыту және көмірді Қытайға тасымалдау мәселелерін талқылады

Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасы Көлік министрі Марат Қарабаевтың Ресей Федерациясының Көлік министрі Роман Старовойтпен және Ресей Федерациясының Энергетика министрі Сергей Цивилёвпен кездесуі өтті. Келіссөздерге сондай-ақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «РЖД» ААҚ басшылары да қатысты.
Тараптар тасымалдау саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, оның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін дамыту және Ресей көмірін Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалдау мәселелерін талқылады.
Аталған кездесуге дейін екі елдің теміржолшылары ресейлік көмір өндіруші компаниялардың қатысуымен бірқатар кеңес өткізді. Басқосу барысында тараптар транзиттік тасымалды Қазақстан аумағы арқылы жүзеге асыруға жоғары қызығушылық танытты, себебі бұл маршрут сұранысқа ие әрі болашағы бар балама ретінде қарастырылып отыр.
Кездесу аясында екі ел арасындағы серіктестікті нығайту, тасымалдардың тиімділігін арттыру және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту перспективалары қарастырылды.