Қазақстандықтар жұмыс және күнделікті өмір үшін жасанды интеллектіні қолдануды үйренуге қызығушылық танытуда

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2025 жылғы 3-9 наурыз аралығында eGov mobile мобильді қосымшасында жүргізілген жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдану жөніндегі сауалнаманың нәтижелерін жариялады.
Апталық сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлерінен 53 мыңнан астам азамат қатысып, нәтижелер халықтың тек ЖИ қолдануды ғана емес, сондай-ақ жаңа технологияларды үйренуге деген қызығушылығын көрсетті.
Респонденттердің 79%-ы ЖИ-мен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруге ниетті екенін білдіріп, бұл құралдың болашақтағы маңызды рөлін түсінетіндігін атап өтті. Сонымен қатар, 65% респонденттер күнделікті өмірде жасанды интеллектіні қолданса, қалған 35% оны кәсіби қызметте пайдаланады.
ЖИ күнделікті тапсырмаларды алмастыра ала ма деген сұраққа 47% қатысушы адам бақылауының әлі де қажетті екенін атап өтті. Тағы 29%-ы жұмыс орындарының қысқаруы туралы алаңдаушылық білдірсе, 22%-ы технологиялар адамдарға күрделі тапсырмаларға назар аударуға мүмкіндік беретіндігіне сенімді. Сауалнама азаматтардың цифрлық сауаттылығын да анықтады. Респонденттердің тек 22%-ы ЖИ-ді жақсы меңгерсе, 43%-ы оған жалпы мағлұматқа ие, бірақ оны сирек қолданады, ал 34%-ы бұл технология туралы ештеңе білмейді.
Сондай-ақ, ең белсенді дауыс бергендер 30 бен 45 жас аралығындағы азаматтар болды, олар сауалнамаға қатысушылардың 48%-ын құрады.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Конышкин қоғамның ЖИ-ге деген жоғары қызығушылығы цифрлық білім беру үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті: «Біз қоғамның цифрлық дағдыларды үйренуге деген зор сұранысын көріп отырмыз және бұл даму үшін тамаша мүмкіндік. Министрлік Қазақстан азаматтарына жасанды интеллект технологияларын меңгеруге көмектесетін қолжетімді білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмысын жалғастырады. Сауалнама нәтижелері цифрлық шешімдерге қолжетімділікті арттыруға бағытталған жаңа бастамалардың негізі болады, олар өмірді ыңғайлы әрі тиімді етеді».