Cемей-2°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
505.15 550.31 5.89

Мәдениет саласы басты назарда: Абай облысының театрлары өзгерістерді күтуде

Бүгін, 09:00 Думан Кенжеғазыұлы

Бурабайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті. Жиында елдің дамуына қатысты негізгі мәселелер талқыланып, олардың ішінде мәдениет саласына ерекше көңіл бөлінді. Маңызды тақырыптардың бірі – Абай облысындағы театрлардың жағдайы, атап айтқанда, Семей қаласында үш театрдың бір ғимаратта орналасуы мәселесі болды.

Президент Қазақстанда 46 өңірлік театр жұмыс істейтінін, алайда олардың көбінің жағдайы сын көтермейтінін атап өтті. Ол Абай облысын мысалға келтіре отырып: «Семейде үш театр бір ғимаратта орналасқан. Біз театрлардың дамуын аймақтарда күшейтуіміз керек. Қазақ, орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды, өйткені олар еліміздің мәдени көптүрлілігін сақтауға ықпал етеді», – деді.

Бұл сөздер театр қауымдастығы арасында кең қолдау тапты. Өнер қайраткерлері мен мәдениет қызметкерлері Президент бастамаларына үміт артып, олардың жүзеге асуына сенім білдірді.

Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртісі Бекзат Омашев: «Театрлар мен мәдениет саласын дамытуға қатысты айтылған пікірлер бізді қуантты. Президенттің өңірлердегі театрларды қолдау туралы үндеуі біз үшін өте маңызды. Бұл шығармашылық саласында еңбек етіп жүрген жандарға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті.

Ф.М. Достоевский атындағы орыс драма театрының әртісі Федор Любецкий театр ғимараты мәселесінің өзектілігін баса айтты: «Біз Президенттің бұл мәселені білетінін естіп, үлкен үміттеніп отырмыз. Қазақстанда театр өнеріне деген қызығушылық артып келеді, көрермендер залымызды толтырып, билеттер алдын ала сатылып кетеді. Бірақ басты қиындық – жеке ғимаратымыздың жоқтығы».

Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы Айжан Манекенова: «Театр өнерінің дамуы, өңірлердегі театрлардың жағдайы, жастардың өнерге қызығушылығы – бәрі маңызды тақырыптар. Президенттің бұл салаға көңіл бөлуі біз үшін үлкен қуаныш», – деді.

«Дариға-ай» театрының ұжымы да оң өзгерістерді күтетінін жеткізді: «Үкімет бұрыннан шешілмей келе жатқан бастамаларды қолдағаны қуантады. Қазақстандағы театр өнері дәл осы Семейден бастау алғанын ескерсек, Абай облысындағы театрлар өз ғимараттарына ие болғаны жөн».

Абай театрының директоры Амангелді Бахтинов өңірдің театр өнеріндегі тарихи рөліне тоқталды: «Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов сынды ұлы тұлғалар жаққан қасиетті от әлі де жанып тұр. Семейлік өнерпаздар ғасырдан астам уақыт бойы өз көрерменіне адал қызмет етіп келеді. Алайда бұл талантты ұжымдарға мемлекеттік қолдау қажет. Үш шығармашылық ұжым бір ғимаратты бөлісіп отырғандықтан, олардың дамуы тежелуде».

Достық үйінің қызметкері Самат Қарибжанов Мемлекет басшысының мәдениет саласына көңіл бөлгенін ерекше атап өтті: «Ұлттық құрылтай елдің даму бағытын айқындайтын маңызды ойлар талқыланатын алаңға айналды. Президент театр өнеріне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын, залдардың көрерменге толып, билеттердің алдын ала сатылып кететінін айтты. Ең қуантарлығы, көрермендер арасында жастардың көптігі. Өңірлердегі театрларға назар аудару нақты қолдау шараларына ұласатынына сенеміз».

Абай облысындағы театр мәселесінің өзектілігін арттыратын тағы бір фактор – биыл ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойының аталып өтуі. Оның мұрасын насихаттау, қазақ мәдениеті мен өнерін дамыту театр ісін нығайтумен тікелей байланысты.

Бұл мәселе қоғамның да назарында. Абай облыстық мемлекеттік архивінің ұжымы: «Біз ұлттық тарихты сақтау, дәстүрлерді, ата-баба салтын дәріптеу жұмыстарына ерекше мән береміз. Архивтік құжаттар қазақстандықтар арасында отансүйгіштік пен тарихи сананы қалыптастырудың маңызды құралы», – деп мәлімдеді.

Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Толқын Берікбекова ұлттық құрылтайдың өзекті мәселелерді шешудегі маңызын атап өтті: «Президенттің театрлар мен мәдени-ағарту саласын дамытуға және ономастика мәселелерін реттеуге ерекше көңіл бөлуі – мәдениет қызметкерлеріне үлкен серпін береді. Біз бұл бағытта аянбай еңбек етуге дайынбыз».

Осылайша, Абай облысының жұртшылығы Президент көтерген бастамалар өңірдегі мәдениет пен өнердің дамуына серпін беретініне сенім білдіруде.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив