Cемей18°С
Ауа-райы
  • Абай24°С
  • Аягөз16°С
  • Ақсуат18°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов29°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар18°С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Берік Уәли Бақтыда іргесі сөгілген білім ошағын өз көзімен көрді

17-03-2025, 10:09 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Мақаншы ауданына жұмыс сапары барысында Бақты ауылындағы Б.Сахариев атындағы орта мектеп-бақшасы мен Мақаншы ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте болды.

2016 жылы салынған Б.Сахариев атындағы мектеп-балабақшада 100 бүлдіршін тәрбиеленіп, 403 оқушы білім алып жатыр. Алайда 2022 жылдан бастап ғимараттың қабырғасында жарықшақ пайда бола бастаған. Қазіргі таңда оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектептің 4 блогының бір блогы жабылған.

Мектепті аралап көрген облыс әкімі арнайы комиссия құрып, білім нысанын апатты деп тану қажеттігін тапсырды.

«Мектеп әуелде дұрыс жоспарланбай салынған. Тұрғызылғанына 9 жыл ғана болған мектептің мұндай күйге түскені өкінішті. Оқушылардың қауіпсіздігі - бәрінен де маңызды. Сондықтан уақытты созбай тиісті шешім қабылдауымыз керек»,- деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Мақаншы ауылындағы С.Сейфуллин атындағы мектепте де болды. 780 оқушы білім алатын нысан күрделі жөндеуді қажет етеді.

Орындық пен үстелдер талапқа сай келмейді. 1996 жылы салынған ғимаратта бұған дейін тек ағымдағы жөндеу жүргізілген. 2023 жылы мектептің төбесі мен шатыры ауыстырылған. Нысанды жаңарту үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленген.

Аймақ басшысы облыстық Білім басқармасына мектепті биылдан қалдырмай күрделі жөндеуден өткізіп, толыққанды, заман талабына сай жабдықтауды тапсырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив