Сенатта жаңа Су кодексі қаралды

Сенат Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының Су кодексі» заңын, сондай-ақ су ресурсын тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ілеспе заңнама бойынша бірқатар бастамаларды қарады.
Құжат су ресурстары мониторингі бойынша ұлттық ақпарат жүйесін құруды, су пайдаланудың заманауи технологиясын енгізуді, климаттық өзгерістерге бейімделу жөніндегі шараларды және су пайдаланушыларға бақылауды күшейтуді көздейді. Одан басқа, ол сумен жабдықтаудың балама көздерін дамыту және гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту жөніндегі нормаларды қамтиды.
Қазақстанның орман шаруашылығын дамыту күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі болды. Отырыс барысында орман қорын ұлғайту, өртке қарсы күрес, орман шаруашылығы саласына маман даярлау және ғылыми зерттеулер жөніндегі шаралар талқыланды. Сенаторлар орман секторын дамыту жөніндегі стратегиялық құжатты әзірлеу, сондай-ақ ормандарды қалпына келтірумен айналысатын ұйымдарға салық жеңілдіктерін пысықтаудың маңыздылығын атап өтті.
«Су және орман ресурстарын қорғау – Қазақстанға стратегиялық міндет. Жаңа Су кодексі суды тұрақты пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған, ал орман шаруашылығын дамыту жөніндегі шаралар еліміздің табиғи әлеуетін сақтап қана қоймай, ұлғайтуға да көмектеседі», – деп атап өтті депутат Жанболат Жөргенбаев.
Депутаттар талқылау қорытындысы бойынша құжатты Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.