Үкімет Сенат депутаттарының туризм саласына «жасыл» технологияны енгізу жөніндегі бастамасына қолдау білдірді

2024 жылғы қыркүйекте Сенат депутаттары туризмді дамыту, инвесторларды тарту және туристік нысандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде балама көздерге мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдаған болатын. Бұл бастама Премьер-Министр Олжас Бектенов тарапынан қолдау тауып, Инвестициялық штаб отырысында қаралды.
Депутаттық сауалдың нәтижесінде мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы отандық шипажайларды балама инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелерін жан-жақты талқылады.
2024 жылғы 3 желтоқсанда Сенатта туризмді дамыту, инвесторларды тарту және Ақкөл қаласындағы туристік нысандарға балама инфрақұрылым көздерін жасау мәселелері бойынша отырыс өтті. Нәтижесінде туризм саласындағы заңнамаға «жасыл» технологияны енгізуге қатысты өзгерістер енгізу жолдары айқындалды. Бұл мәселе сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Жобалық кеңсесі алаңында кеңінен талқыланды.
Осы жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылғы 13 наурызда Үкіметтің № 141 қаулысымен туризм саласындағы мемлекеттік инфрақұрылымды қолдауды жетілдіруге бағытталған түзетулер қабылданды.
Осыған дейін туристік нысандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ұзақ құрылыс жұмыстарын талап ететін және қоршаған ортаға әсер ететін дәстүрлі әдістерге негізделген болатын. Енді инвесторлар үшін балама «жасыл» тәсілдер қолжетімді: электр беру желілерін тартудың орнына – күн панельдері мен жел генераторын орнату, орталықтандырылған кәріз жүйесінің орнына – биосептиктер пайдалану, ал жылыту үшін – жылу сорғыларын қолдану ұсынылады. Бұл шешімдер экожүйеге түсетін жүктемені айтарлықтай азайтып, шипажайлардың жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.