Сенат Төрағасы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының Бас директорымен кездесті

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының Бас директоры Берік Арынмен кездесті. Сұхбат барысында тараптар азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы қазіргі сын-қатерлерді еңсеруге және елдің агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамытуға қатысты мәселелерді талқылады.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде азық-түліктің тапшылығы мен аштық қазіргі таңда жаһандық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі екенін айтты. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сәйкес, әлемде 340 миллионнан астам адам азық-түліктің жетіспеуінен зардап шегіп отыр. Ал, екі миллионға жуық адам аштықтың алдында тұр.
Осы ретте қазіргідей геосаяси шиеленіс және экологиялық қатерлер жағдайында Қазақстанның бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының қызметі ерекше маңызға ие болып отыр.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақстанның алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірі екенін айтты. Бұл бағытта Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы жаһандық азық-түлік мәселелерін шешу жолында маңызды рөл атқарады. Біз Ұйымның гуманитарлық дағдарысқа ұшыраған елдерге, оның ішінде Ауғанстан тұрғындарына көмек көрсету жөніндегі бастамаларын жоғары бағалаймыз», – деді Мәулен Әшімбаев
Кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау және халықты қолжетімді әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатқаны айтылды. Соның аясында Сенат депутаттары еліміздің азық-түлік тәуелсіздігін нығайту мәселесін басты назарында ұстап келеді.
Сонымен қатар тараптар Орталық Азия елдерінің агроклиматтық жағдайы, экологиялық проблемалары және экономикалық байланыстары ұқсас екеніне назар аударып, ортақ тәсілдерді әзірлеу үшін аймақтағы ынтымақтастықты арттыру тетіктерін талқылады.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы Бахрейнде ұйымдастырылған халықаралық конференция аясында діни лидерлермен болған кездесулердің қорытындыларына назар аударды және Берік Арынды 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте Астанада өтетін «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» атты Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне қатысуға шақырды.