Мәжіліс инновациялық қызметті қолдауға бағытталған заң жобасын қарайды

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Депутаттардың талқылауына инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылады.
Заң жобасын Үкімет инновациялық қызмет саласын дамыту үшін жағдайларды жақсарту мақсатымен әзірледі. Бұл мақсатта бірыңғай инновациялық кластер құру және оның қатысушыларына қолдауды кеңейту ұсынылады. Осыған байланысты «Инновациялық технологиялар паркі» кластерлік қоры мен «Astana Hub» халықаралық технопаркін біріктіріп, қатысушылар үшін бірыңғай құқықтық алаң қалыптастыру көзделген.
Сонымен қатар венчурлік қорларды бірлесіп қаржыландыру кезінде конкурстық іріктеу және тиімділікті бағалау жүйесі енгізілмек. Бұдан бөлек, инновациялық қызметке мемлекеттік қолдау көрсету шараларының ашықтығын арттыру үшін ұлттық инновациялық жүйенің «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуі ұсынылады.
Сондай-ақ Мәжіліс бірінші оқылымда күзет қызметі мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді талқылайды. Заң жобасын депутаттар күзет қызметтерін көрсететін және қызметтік қару қолданатын субъектілерге мемлекеттік бақылауды жетілдіру мақсатымен бастамашылық етті.