Облыс әкімі: өңірдегі барлық су нысандары жыл соңына дейін іске қосылуы қажет
Аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында халықты ауыз сумен қамту мәселесі қаралды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Қайырхановтың айтуынша, қазіргі уақытта облыс халқының 95,3%-ы орталықтандырылған сумен қамтылған. Өткен жылы 33 жоба жүзеге асырылып, 18 су нысаны пайдалануға берілді. Нәтижесінде 14 691 адам таза ауыз суға қол жеткізді.
Биыл өңірде 26 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның 15-і – өтпелі, 11-і – жаңа жобалар. Бұл жұмыстар Бородулиха, Бесқарағай, Үржар, Жарма, Көкпекті аудандары мен Семей қаласындағы елді мекендерді қамтиды.
Облыс әкімі халықты 2025 жылдың соңына дейін 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету Мемлекет басшысының тапсырмасы екенін атап өтіп, Энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасы мен аудан-қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Әкімдік отырысының күн тәртібіндегі төртінші мәселе Абай облысында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев баяндама жасады.
Қазіргі таңда Абай облысында жастар саны 152 089 адамды құрайды. Өңірде 3 жоғары оқу орны мен 33 колледж бар. Студенттер үшін 5 000 орындық 30 жатақхана жұмыс істейді.
Аймақтағы жастардың тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында «Абай жастары», «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» бағдарламалары жүзеге асуда. Қазіргі таңда 8 590 жас баспана кезегінде тұр. Соңғы екі жылда 3424 жас баспаналы болды.
Облыста 1 облыстық, 2 қалалық және 9 аудандық жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Алайда салада кадр тұрақсыздығы байқалады. 2024 жылы кадрлардың кету деңгейі 52 пайыздан асқан. Басты себеп – жалақының төмендігі.
Облыс әкімі Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, ішкі саясат басқармасы мен қалалар мен аудан әкімдіктеріне Жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша тиісті есептеулер жүргізіп, ұсыныс енгізуді тапсырды. Аймақ басшысы жиында жас мамандардың тапшылығы мәселесіне ерекше назар аударды.