Облыс әкімі Ақсуат ауылындағы колледжде болды
Облыс әкімі Берік Уәли аудандағы жұмыс сапары барысында Ақсуат колледжінде болды. Қазіргі таңда мұнда 314 студент оқиды. 49 мұғалім жұмыс істейді. Колледж аумағында 120 орындық жатақхана мен оқу-өндірістік зертхана ғимараты орналасқан. Бұл студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына үлкен мүмкіндік береді. Колледжде студенттер 4 мамандық, 7 біліктілік бойынша білім алуда. Мамандар даярлауға 41 инженер педагог тартылған. Оқу орны ауыл шаруашылығы саласына қажетті кадрларды даярлауға ерекше назар аударады. Аягөз, Ақжар, Көкпекті және Зайсан аудандарынан студенттер келіп, оқиды.
Колледж студенттерін жұмыспен қамту деңгейі – 98 пайыз. Оқу орны жеті жаңа мамандық ашуға өтініш берген. Оның ішінде ауылдық жерде сұранысқа ие гидротехник, ветеринарлық дәрігер сияқты мамандықтар бар. Білім ордасын жабдықтау және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 400 миллион теңге инвестиция тартылған.
Колледждегі өзекті мәселенің бірі - электр энергиясының жетіспеушілігі. Қазіргі таңда ғимаратқа қажетті 220 кВт қуаттың тек 200 кВт-ы ғана беріледі. Бұл колледждегі оқу жабдықтарының толық жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Білім мекемесінің интернет жылдамдығы да төмен. Колледж директоры білім мекемесінің өзекті мәселелерін облыс әкіміне жеткізіп, көмек көрсетуді сұрады.
Аймақ басшысы өңірдің аудандарындағы колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.