МӘСҚ активтерін нысаналы пайдалануды қамтамасыз ету үшін НҚА-ға өзгерістер енгізілді

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (бұдан әрі – МӘСҚ) активтерін нысаналы пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) қолданыстағы НҚА-ға өзгерістер енгізді. Олар жүктілік және босану, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша төлемдерді есептеу және тағайындау тәртібіне қатысты.
«Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу (айқындау), тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және оларды тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 248 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрық 2025 жылғы 28 наурызда ҚР нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде орналастырылды және ол ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.
Өзгерістер мыналарды көздейді:
- төлеушілер санына қарамастан, бір айда 7 ЕТЖ аспайтын орташа айлық табысты жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемді есептеуде пайдалану;
- жүктілік және босану бойынша, 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі жөніндегі әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуден әлеуметтік тәуекел басталған күннен кейін төленген әлеуметтік аударымдарды алып тастау.
Бұл түзетулер МӘСҚ активтерін мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету және әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтық схемаларды болдырмау үшін әзірленген.
Құжатпен толығырақ https://zan.gov.kz/client/#!/search/results/rn=208283 сілтемесі бойынша танысуға болады.
Бұған дейін хабарланғандай, осы жылдың 27 ақпанында Еңбекминінің Кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Светлана Жақыпова 2024 жылы МӘСҚ-дан 958 млрд теңге сомасына 1,4 млн азаматқа төлем жүргізілгенін хабарлады. Бұл ретте 15 өңірде жүйеге қатысушыларға төленетін төлемдер көлемі МӘСҚ-да жұмыс істейтін азаматтар үшін әлеуметтік аударымдар түсімдерінен асып түсті.
«Тек бір әлеуметтік төлемнің максималды мөлшеріне шектеулер жоқ – бұл жүктілік және босану төлемі. Сондықтан жекелеген азаматтар жасанды түрде көтерілген төлем мөлшерін алу үшін олқылықтарды іздестіруде, бұл жүйеге адал қатысушылардың әлеуметтік аударымдарын әділетсіз қайта бөлуге әкеп соғады», – деді министр.
2024 жылдың қыркүйегінен бастап 2 мыңнан астам алушы өз еркімен табысының жасанды арттырғанын растады, осылайша МӘСҚ активтері 4,7 млрд теңгеге сақталды.