Абай облысында 48 әлеуметтік нысан бой көтереді

Абай облысында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 48 әлеуметтік нысанның жобалау және құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 11-і меморандум аясында жүзеге асса, 37 жоба бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Шыңғыс Риаханов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, Жаңасемей ауданында 14 алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы бой көтереді. Семейде 300 орындық екі емхана, жедел жәрдем қосалқы станциясы, көпсалалы балалар ауруханасы мен облыстық аурухана салынады.Сондай-ақ, білім беру саласында да 4 маңызды нысан салынбақ. Бүгінде жобалау жұмыстары аяқталуға жақын.
Айта өтсек, өңірде бұқаралық спортты дамыту мақсатында 12 спорт нысаны бой көтермек. Ойшілік, Науалы, Преображенка, Новопокровка, Екпін, Құмкөл және Бақты ауылдарында жаңа спорттық модульдер салынады. Сонымен қатар, мәдениет саласында 9 ірі жоба жүзеге асырылуда. Жаңа мәдениет орталықтары мен ауылдық клубтар салынып, бірқатар нысан жаңғыртудан өтеді. Басқарма басшысының айтуынша , Семейде заманауи конгресс-холл, Үржарда Мәдениет сарайы, Қаратұмада Мәдениет үйі бой көтереді. Бұдан бөлек, Толағай, Көкжыра және Мамай ауылдарында ауылдық клубтар, ал Коростели мен Көктекерде мәдениет үйлері жаңғыртылмақ.