Жеңіске 80 жыл: Қарабұлақ ауылынан шыққан ең алғашқы коммунист

Кезекті таныстыратын ардагер Табақбай бабадан тараған Тілеубайдың ұлы Есімбай ер. Тілеубайұлы Есімбай ардагер 1902 жылы дүниеге келген.
Бастауыш сыныптық білімі бар. Есімбай ата - Қарабұлақ ауылынан шыққан ең алғашқы коммунист. Кеңес Үкіметі құрылған уақытта 1939 жылдары «Теңдік» колхозында басқарма боп жұмыс жасап жүреді. Аз ғана уақыттан соң Ұлы Отан соғысы басталып, майдан шебіне аттанады. 1941 жылдан бері хабар - ошарсыз кеткен.
Тілеубай атадан бес бала қалады. Соның тек біреуінен ұрпақ тараған екен. Ол- Есімбай ата. Есімбай Тілеубайұлының үлкен ағасы Қасымжан тылда жұмыс жасап жүріп, жоғалып кеткен. Екінші інісі Досымжан ата мен кенже інісі Досымбай да соғысқа аттанып, оралмаған, хабар да келмеген.
Есімбай ата соғысқа кеткенде артында екі қызы мен ұлы қалады. Үлкен қызы - Ұлтуған 1932 жылы, кіші қызы - Келісім 1938 жылы дүние есігін ашады. Әкелері ел қорғауға кеткенде қызы Келісім төрт - бес жасар бала болса, 1942 жылғы ұлдары Тұрсын анасының құрсағында екен. Аналары Жамал тылда жұмыс жасап жүріп, үш баланы тәрбиелеп, жеткізеді. Кіші қыз Келісім апамыз Қарабұлақтан төрт сыныптық білімді игеріп, Мақаншыдағы мектеп интернатта тұрып, оныншы сыныпты тәмамдайды. Онымен тоқтап қалмай, Семейдегі медициналық училищеге тапсырып, оны 1958- 1959 жылдары аяқтап, Қарабұлақ ауылына оралып, алғашқы медициналық пункт ашып кеткен. Міне, батырдың ұрпағы дерсіз!
Бірақ өкінішке орай ұрпақ тек Тұрсын атадан қалған. Қазір 1986 жылы әкімнің шешімімен қабылданған атаның атымен аталатын көше де бар екен.
Соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен Есімбай атаның ұрпақтары осындай. «Адам ұрпағымен мың жасайды».
Мақаланы жарыққа шығаруда құнды деректі жеткізгені үшін бейбіт замандағы жас ұрпағы - Алида Асанқызына алғыс білдіреміз!