Cемей9°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
521.67 592.46 6.32

Берлинде этникалық немістер мәселелері жөніндегі Үкіметаралық комиссияның отырысы өтті

10-04-2025, 18:19 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасында тұратын этникалық немістер мәселелері жөніндегі екіжақты Үкіметаралық комиссияның (ҮАК) 21-ші отырысында Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және неміс этносын қолдау мәселелері талқыланды.

Кезекті кездесу Германия астанасында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың және Германия Федералдық үкіметінің қоныс аударушылар және ұлттық азшылықтар істері жөніндегі уәкілі, Германия Бундестагының депутаты Натали Павликтің төрағалығымен өтті.

ҮАК отырысының күн тәртібіне білім беру, неміс тілін қолдау, мәдениет, ғылым, жастар саясаты, мұрағат ісі сияқты салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ іскерлік байланыстарды дамыту және виза режимін жеңілдету мәселелері енгізілді.

Келіссөздер барысында қазақстандық немістердің ұлттық бірегейлігін қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.

Тараптар 2024 жылы Еуразия ұлттық университетінде Неміс тілі мен мәдениеті орталығының және Алматы энергетика және байланыс университетінде Анхальт қолданбалы ғылымдар университеті филиалының ашылуын құптады. Сондай-ақ, Астанадағы Қазақ-Неміс орталығының, Алматыдағы Қазақ-Неміс университетінің, Ақтаудағы Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институтының, Республикалық академиялық неміс драма театрының және басқа да құрылымдардың екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан маңызды үлесін атап өтті.

Министрің орынбасары өз сөзінде: «қазақ жері дәстүрлі түрде Батыс пен Шығысты байланыстыратын көпір. Ал Қазақстандағы неміс диаспорасы мен Германиядағы бұрынғы отандастарымыз Қазақстан мен Германия арасындағы «жанды көпір» ғана емес, сонымен қатар екіжақты қарым-қатынастардың болашағына берік негіз», – деп атап өтті.

Ол сондай-ақ әртүрлі ұлт өкілдерінің ортақ әлеуметтік-мәдени кеңістікте бейбіт қатар өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасау Қазақстан Үкіметінің басты міндеттерінің бірі екенін айтты. Бұл ретте биыл құрылғанына 30 жыл толатын Қазақстан халқы Ассамблеясы ерекше рөл атқаратыны аталып өтті.

Өз кезегінде, Бундестаг депутаты Германия Үкіметі Қазақстанда тұратын этникалық немістерді жан-жақты қолдауды жалғастыратынын растады. «Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуын, соның ішінде Қазақстандағы этникалық немістерге көрсетіліп отырған қолдауды және олардың екіжақты қатынастарды одан әрі тереңдетуде маңызды рөлін тағы да атап өткім келеді», - деді Н.Павлик.

Тараптар Қазақстандағы этникалық немістерді кешенді қолдау жөніндегі шараларды жоспарлы түрде жүзеге асыруды жалғастыруға келісті және бұл міндеттер кездесудің қорытындысы бойынша қол қойылған Коммюникеде бекітілді.

Сонымен қатар, Берлинге сапары аясында Р.Василенко Германия Бундестагының депутаты Штефан Роуэнхоффпен және Германия Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Кавказ елдері жөніндегі уәкілі Конрад Арц фон Штрауссенбургпен кездесті. Кездесулер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен одан әрі дамуының келешегін талқылап, жаһандық және өңірлік күн тәртібі бойынша пікір алмасты.

Қазақстан Республикасында тұратын этникалық немістер мәселелері жөніндегі Үкіметаралық комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының неміс ұлтын қолдау жөніндегі ынтымақтастық туралы 1996 жылғы 31 мамырда Алматы қаласында қол қойылған келісімге сәйкес құрылған.

Статистикалық деректерге сәйкес, Қазақстанда 226 мың этникалық неміс, ал Германияда Қазақстаннан қоныс аударған шамамен 1 миллион неміс тұрады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив