Семейде қоғамдағы бірлік пен келісімнің рөлі талқыланды

Еліміздің болашағына арналған жиынның негізгі мақсаты – қазіргі қоғамдағы бірлік пен келісім құндылықтарының маңызын терең ұғыну және Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айқындаған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосу болды.
Іс-шараны Абай облысы «Қоғамдық келісім орталығы – Достық үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды. Кездесуге орталық қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, жас ғалымдар клубы мен журналистер клубының өкілдері, сондай-ақ құрметті ақсақалдар қатысты.
Жиынды ашқан ұйымдастырушылар мұндай шаралардың қоғамда өзара түсіністік, құрмет пен төзімділікті қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталды. Абай облысы Ішкі саясат басқармасы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының және этносаралық қатынастарды мониторингілеу бөлімінің басшысы Мағжан Құрманов дөңгелек үстел – пікір алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға арналған тиімді алаң екенін атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар аға буынның жастар тәрбиесіндегі тарихи рөлі, қоғамда төзімділікті нығайту жолдары және жас ғалымдардың болашағы жайлы пікір алмасты. Alikhan Bokeikhan университетінің тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Айрат Базенов өзара құрметсіз тұрақты әрі бейбіт қоғам құру мүмкін еместігін айтты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Алексей Кливенко өз баяндамасында жастар – жас мемлекетіміздің үміт күттіретін ғылымының басты қозғаушы күші екенін жеткізді.
Кездесу соңында қатысушылар бір тұжырымға келді: өткеннің тағылымы, тарихи жады, биікке ұмтылыс – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын құндылықтар. Осындай сабақтастық қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың негізін қалайды.
Жиын мазмұнды әрі пайдалы өтті. Қатысушылар мұндай шаралар қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық үйлесімділікті нығайтуға септігін тигізетінін, сондай-ақ жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім саясатын іске асырудың тиімді тетігі екенін атап өтті.