Абай облысында «Адал ұрпақ» клубтарының облыстық форумы өтті

Абай облысында ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен «Көшбасшылар — патриот болу парызымыз!» атты «Адал ұрпақ» клубтарының облыстық форумы өтті.
Форумның мақсаты — оқушылардың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды, патриоттық сезімді қалыптастыру, сондай-ақ «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтаудың маңыздылығын түсіндіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту.
Форумға облыстың әр өңірінен 60 оқушы және 15 жетекші қатысты. Қатысушылар адалдық пен әділеттілік туралы өз ойларымен бөлісіп, клуб жұмыстарының тәжірибесін ортаға салды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаменті және Білім басқармасының өкілдері жастармен еркін сұхбат жүргізді.
Айта кету керек, «Адал Ұрпақ» мектеп клубтары — оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ерікті ұйымдар болып табылады. Клубтардың негізгі міндеттері – мектеп ортасында парасаттылық пен адалдық құндылықтарын насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру және осы бағыттағы түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға белсене қатысу.
Осындай форумдар өткізу — өскелең ұрпақтың бойына адалдық, әділеттілік, патриоттық құндылықтарды сіңірумен қатар, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымын қалыптастырудың маңызды бір тетігі болып табылады.