Cемей14°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
516.91 586.33 6.3

Мәжіліс депутаттары ұлттық спортты дамыту мәселелерін талқылады

Бүгін, 09:45 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Ұлттық спорт түрлерін дамыту туралы» тақырыптық отырыс өткізді. Жиын комитет төрағасы Асхат Аймағамбетовтің жетекшілігімен өтті.

Отырысқа Туризм және спорт, Ауыл шаруашылығы, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, Ұлттық спорт қауымдастығының, жергілікті атқарушы органдар мен республикалық ұлттық спорт федерацияларының өкілдері қатысты.

Жиын барысында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев елімізде ұлттық спорттың 11 түрі ресми тіркеліп, оларды дамыту бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Федерацияларды басқаруға тәжірибелі іскер азаматтар тартылып, жүйелі жұмыс жолға қойылған.

– Елімізде ұлттық спорт түрлерінің дамуына тың серпін беру мақсатымен министрлік ұлттық спорт түрлерін қолдау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде ұлттық құрама сапында мыңнан астам спортшы тіркелген. Ұлттық спорттың бұқаралық сипаты ғана емес, халықаралық деңгейдегі нәтижелері де артып келеді, – деді С. Жарасбаев.

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Еркебұлан Ильясов өз сөзінде заң жобасына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Оның айтуынша, жаңа заң қабылданған жағдайда қауымдастықтың заңды мәртебесі мен рөлі нақты айқындалуға тиіс.

– Әр федерация жеке аккредитация алып, қаржыландыруды өз бетінше жүзеге асырады. Ал қауымдастықтың қызметінің нақты бағыттары белгісіз күйде қалып отыр. Себебі, әр федерация өз аккредитациясын алып, өздері қаржыландырып, жұмыс істейді. Ал ұлттық спорт қауымдастығының нақты немен айналысатыны әзірге белгісіз. Сондықтан заңда қай бағытта жұмыс  істейтінін белгілеп өтсек дұрыс болады деп есептейміз, – деді Е. Ильясов.

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров жастарды ұлттық спортқа тарту және осы салада кәсіби маман даярлау мәселесін көтерді.

– Жастарды ынталандыру бағытындағы жұмысты күшейтуіміз керек. Қаладағы жастарды асық ойнау, тоғызқұмалақ, көкпар сияқты ұлттық спорт түрлеріне баулу арқылы олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырамыз. Жастар арасында жарыстар ұйымдастыру – мәдени кодымызды сақтау мен өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің бір жолы. Бұл – тек спорт емес, халқымыздың тарихы мен салт-дәстүрін насихаттайтын маңызды құрал. Сол себепті, елді мекендерде арнайы стадиондар мен ұлттық спорт орталықтарын салып, жаттықтырушылар дайындау жүйесін жолға қою қажет. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға тиіспіз,– деді депутат.

Отырыс барысында депутаттар басқа да өзекті мәселелер көтеріп, пікір алмасты. Атап айтқанда, депутат Нұргүл Тау ұлттық спортты халықаралық брендке айналдыру бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы сұрады. Жұлдыз Сүлейменова кадрлық әлеуетті күшейту және спорт ұйымдарына гранттар мен субсидиялар бөлу қажеттігін атап өтті. Елнұр Бейсенбаев тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерін қаржылай қолдаусыз-ақ жаһандық деңгейде насихаттауға болатынын айтты. Ал Құдайберген Бексұлтанов ұлттық спорттағы бапкерлер мәселесін көтерді.

Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов айтылған ұсыныстар мен пікірлерді саралай келе, ұлттық спорт түрлерін дамытудың кешенді стратегиясын әзірлеу қажеттігін атап өтті.

– Біздің депутаттардың бастамасымен жаңа заңға Ұлттық спортты басым спорт түрлерінің қатарына кіргізу туралы норма енгізілді. Бұл Ұлттық спортты дамытуға үлкен мүмкіндіктерге жол ашады, – деді.

Отырыс қорытындысы бойынша барлық ұсыныс тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив