Облыс әкімі Баршатас ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда болды
Облыс әкімі Берік Уәли ауданға жұмыс сапары барысында Баршатас ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға барды.
1986 жылы салынған ғимарат 2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен. Медициналық мекеме бір ауысымда 17 адамды қабылдайды. 775 тұрғынға қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда мұнда 33 қызметкер, оның ішінде 2 дәрігер мен 11 орта медицина маманы жұмыс істейді.
Амбулатория ауылдық округке қарасты елді мекендерге де кешенді медициналық көмек көрсетіп отыр. Жылжымалы медициналық кешен арқылы шалғай ауылдарда ай сайын жоспарлы қабылдау ұйымдастырылады. Сонымен қатар мекемеге жаңа акушер мен УЗИ дәрігері келген.
Мұндағы өзекті мәселенің бірі - рентген аппараты ескірген. Қазіргі уақытта жаңасына тапсырыс берілген. Ғимараттың шатыры күрделі жөндеуден өткен. Нысанға толық күрделі жөндеу қажеттігі туындап отыр. Бұған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті басқармаға бюджеттік өтінім жолданған.
Медициналық мекеме ұжымы амбулаторияны аурухана мәртебесіне ауыстыру арқылы қосымша мамандар мен заманауи медициналық құрылғылармен қамтамасыз ету мәселесін де көтерді.